воскресенье, 28 ноября 2010 г.

Түрік халқында «Ішкен жегенің өзіңде қалсын, көрген-білгеніңді баянда» дейтұғын сөз бар. Онысы ішкен жегеніңді айтпа да, көрген білгеніңді айт дегені. Сол секілді тоғыз күн Құрбан айт мейрамында Күтахия, Ыспарта, Ұшақ қалаларында көргенімді еш қоспасыз баяндайын сіздерге.

Күтахия Түркияның Оңтүстік бастысындағы шыны, порселенімен атақты қала. Ыспарта болса, Еуропа ғалымдары Бедуиззаман атап кеткен ғалым, ойшыл, түрлі діни кітаптардың авторы Сайд Нұрсидің туған жері. Сондай-ақ бұл қала раушан гүлімен де атақты. Мәселен Алматының символы апорт болса, Ыспартаның символы раушан гүлі. Ұшақ дейтұғын қала алдыңғы екеуінен кішілеу, бірақ Ыспарта мен Күтахияға жапсарлас жатқан қала. Бұл жер Тархана дейтұғын сорпасымен танылған.

Аталмыш қалалардағы сапарымыз Құрбан айтпен тұспа-тұс келгендіктен «Құрбан байрамының» Түркиядағы салтына да куә болып қайтқан жайымыз бар. Біз 1-қаңтар, яғни Жаңа жылға қалай дайындалсақ, бұлар Құрбанға дәл солай дайындалады екен. Әр үйде қарбалас. Айт намазы оқып болысымен барлық үй қасапханаға айналады. Қалалардағы көпқабатты тұрғын үйлердің маңы да. Жаңа сойылған еттен олар да біз секілді қуырдақ дайындайды, бірақ атын «кавурма» деп атайды. Соған ұқсас «гүвеч» дейтұғын тамақтары және бар. Құрбан сойылып бітісімен кішілері үлкендерінің үйіне «байрамлашмаға» барады. «Байрамлашмақ» сәлемдесу деген сөз. Балалары әкелерінің үйіне, немерелері аталарының үйіне барып, қолып сүйіп амандасады. Қол сүюден басқа тағы бір салт бар, жастары қарайлас әйелдер, қыздар қол сүйіп амандаспайды әуелі бет сипайды да, онан соң төс түйістіреді. Сонан соң әрқайсысының алдына ыстық тамақ немесе баклава мен шай келеді. Ер адамдар бөлек бөлмеде, әйел кісілері бөлек бөлмеде отырып, шай ішеді немесе тамақ жейді. Айтпақшы, кішкене түрік балалары біздегі жарапазан секілді әр үйге кіріп тәтті жинайды. Оны барлық жерде «Байрам шекері», ал Күтахияның Симав дейтұғын жерінде «лүп-лүп» деп атайды. Ал біз секілді жасы үлкендеріне ақша береді.

Қысқасы, осылайша бір күнде бес-алты үйді, үш күнде он бес-жиырма шақты үйге кіріп шығады. Әрине, кез-келген үйге кірмейді. Ет жақындарына, көңіл жақындарына, дос жарандарына, т.б.

Ұмытып барады екем, бізде көбіне жаңа жылда беретін «премияльныйды» түрік халқы Құрбан айтта береді.

Біз көрген жайттар осындай, жазатын нәрсе әлі бар, бірақ көп созып дәмін қашырмай, нүктесін қояйын. Қалғанын алдағы жазбаларда баяндай жатам.

Комментариев нет: