понедельник, 5 сентября 2011 г.

Түрік баспасөзі не дейді

02.09.2011- дегі Еуро-2012 іріктеу турының Түркиямен өткізген матчындағы 2-1лік жеңілісімізді олжа санап бөркімізді аспанға атқанымыз жасырын емес. Көптен бері ел ішіндегі «келісілген матчтар» кикілжіңімен сарсылған, өздерін толықтай жинап үлгермеген Түркиямен тең түссек, кездейсоқтық демес ек, тек қарсыласымыздың бағы басымдау болды. Бар болғаны сол ғана. Әйтпесе алапат ойын көрсеткен Түркияны көрген жоқпын өз басым.
Осы күнге дейінгі ресми кездесулерде қақпамызға 13 гол кіргізіп, бір де бір гол соға алмаған біз үшін Ұланның голы әрине үлкееееен олжа. Дегенмен мұны түрік ағайынның гол деп мойындағысы жоқ. Бүкіл баспасөзі жарыса, кездейсоқ тебе салған еді, гол болды, әйтпесе тағы қоржындары бос қайтар еді, голды жіберіп алған Волканнан Қонысбаевтың өзі қатты таңырқады десті. Түріктер өз ойындарын жерден алып жерге салғанымен біздің ойынды да мақтай қойған жоқ. Матчтың ертесі күні елдің басты газеттерін ақтарып шыққанда біздің футбол туралы құрығанда бір пікір күткен ем, үмітім орындалмады. Бір жағынан, өз футболының басынан бұлт арылмай жатқанда, біздің футболымыздың мәселелерін қайтсін...
Тек «Фанатик» дейтұғын күнделікті шығатын спорт газетіндегі Мехмет Демірқолдың біз жайлы: Өте нашар қорғанды, өте нашар ойнады және өте нашар қақпашылары бар-ды. Бірақ біз де аса жақсы емес едік,- дегенін тасада қалдырғым келмеді.
Оған қоса mackoloik.com сайтындағы мына жолдар назарымнан тыс қалмады: «Аяқдопшыларына Қазақстан сияқты әлем футболында орны жоқ бір қарсыласпен өздері күтпеген, дәл мынадай нашар ойын өткізгендерінің астын сызып айтқан Хиддинк: Бүгін ешбіріңді тани алмадым, әуесқой командадан бір айырмаларың жоқ-ты деді».
«Заман» газеті ебедейсіз қақпашымыз бар екенін жазады. Мұнымен қоса аталмыш газет құраманың орыстардан жасақталғанын тағы да тілге тиек етіпті.
Матчтың ертеңіне көп газет маңдайына: «Қазақстанның қарсысында өлдік өлдік және соңғы секундта тірілдік» деп тақырып қойды. Демек түріктер біздің де бұрынғыдай оларға қалпақпен ұрып алатын оңай қарсылас емес екенімізді ашық жазбаса да іштерінен мойындаса керек.
Ғалия Серікқызы