воскресенье, 28 ноября 2010 г.

Али Сами Йенде Бешикташпен бетпе-бет.

Қазір үш сағаттан кейін Әли Сами Йен стадионында Түркияның екі дәуі Галатасарай мен Бешикташ командалары кездеседі. Ел чемпионатында чемпиондық тәжден алыстай бастаған екеу үшін де ұпай ауадай қажет. Қазір алдыңғы орында Трабзонспор тұр. Онан кейінгі орында Бурсаспор. Бешикташ алтыншы ма еді, жоқ сегіз… есімде жоқ. Бірақ біріншілктен біраз алыстау әйтеуір. Галатасарай болса, оныншы орында. Бешикташқа қарсы ойнайтын он бірдің ішінде Арда Тұран тағы жоқ. Өкінішке орай...

Айтпақшы, футболды стадионның өзінен көргім келген. Билет бітіп кетіпті. Алыпсатарларда бар көрінеді. Бірақ ең нашар жерінің өзі жиырма мың теңге. Ал жақсы жерлері алпыс мыңңңңңңңң...........
Түнде чемпиондар лигасында «Валенсияға» қарсы ойнаған «Бурсаспор» 6-1мен жеңіліс тапты. Ойын туралы пәлен дей алмаймыз. Тек қазіргі ел чемпионы 5 ойыннан әлі бір де бір ұпай ала алмады. Команданың бас бапкері Сағлам Ертұғрұл болса, аяқдопшыларын жұбатып бағуда.
Түрік халқында «Ішкен жегенің өзіңде қалсын, көрген-білгеніңді баянда» дейтұғын сөз бар. Онысы ішкен жегеніңді айтпа да, көрген білгеніңді айт дегені. Сол секілді тоғыз күн Құрбан айт мейрамында Күтахия, Ыспарта, Ұшақ қалаларында көргенімді еш қоспасыз баяндайын сіздерге.

Күтахия Түркияның Оңтүстік бастысындағы шыны, порселенімен атақты қала. Ыспарта болса, Еуропа ғалымдары Бедуиззаман атап кеткен ғалым, ойшыл, түрлі діни кітаптардың авторы Сайд Нұрсидің туған жері. Сондай-ақ бұл қала раушан гүлімен де атақты. Мәселен Алматының символы апорт болса, Ыспартаның символы раушан гүлі. Ұшақ дейтұғын қала алдыңғы екеуінен кішілеу, бірақ Ыспарта мен Күтахияға жапсарлас жатқан қала. Бұл жер Тархана дейтұғын сорпасымен танылған.

Аталмыш қалалардағы сапарымыз Құрбан айтпен тұспа-тұс келгендіктен «Құрбан байрамының» Түркиядағы салтына да куә болып қайтқан жайымыз бар. Біз 1-қаңтар, яғни Жаңа жылға қалай дайындалсақ, бұлар Құрбанға дәл солай дайындалады екен. Әр үйде қарбалас. Айт намазы оқып болысымен барлық үй қасапханаға айналады. Қалалардағы көпқабатты тұрғын үйлердің маңы да. Жаңа сойылған еттен олар да біз секілді қуырдақ дайындайды, бірақ атын «кавурма» деп атайды. Соған ұқсас «гүвеч» дейтұғын тамақтары және бар. Құрбан сойылып бітісімен кішілері үлкендерінің үйіне «байрамлашмаға» барады. «Байрамлашмақ» сәлемдесу деген сөз. Балалары әкелерінің үйіне, немерелері аталарының үйіне барып, қолып сүйіп амандасады. Қол сүюден басқа тағы бір салт бар, жастары қарайлас әйелдер, қыздар қол сүйіп амандаспайды әуелі бет сипайды да, онан соң төс түйістіреді. Сонан соң әрқайсысының алдына ыстық тамақ немесе баклава мен шай келеді. Ер адамдар бөлек бөлмеде, әйел кісілері бөлек бөлмеде отырып, шай ішеді немесе тамақ жейді. Айтпақшы, кішкене түрік балалары біздегі жарапазан секілді әр үйге кіріп тәтті жинайды. Оны барлық жерде «Байрам шекері», ал Күтахияның Симав дейтұғын жерінде «лүп-лүп» деп атайды. Ал біз секілді жасы үлкендеріне ақша береді.

Қысқасы, осылайша бір күнде бес-алты үйді, үш күнде он бес-жиырма шақты үйге кіріп шығады. Әрине, кез-келген үйге кірмейді. Ет жақындарына, көңіл жақындарына, дос жарандарына, т.б.

Ұмытып барады екем, бізде көбіне жаңа жылда беретін «премияльныйды» түрік халқы Құрбан айтта береді.

Біз көрген жайттар осындай, жазатын нәрсе әлі бар, бірақ көп созып дәмін қашырмай, нүктесін қояйын. Қалғанын алдағы жазбаларда баяндай жатам.
Осы жексенбіде болатын чемпионаттың кезекті ойыныны Галатасарай мен Бешікташ арасындағы кездесуде ГС капитаны Арда Тұранның доп тебетіні белгілі болды. Жарақатына байланысты Фенербахчемен болған ойынға қатыса алмай тордағы арыстанның күйін кешкен Арда Бешикташ кездесуінде алаңда атой салар деп үміттенеміз. Чемпиондық атақтан үміттерін үзе бастаған Галатасарайдың жаңа жаттақтырушысы Хаджи Мисимовичты ойыннан тыс қалдырды.

Осы, туды құрметтеуді түріктерден үйрену керек-ау бізге...

Бұрындары НТВспор дейтұғын спорттық каналдағы «спор ашкы», яғни спортсүйер дейтін бағдарламаға қатысатынбыз. Әншейінде атын гәзиттен оқитын түрлі спорт жұлдыздарын бетпе-бет көріп, мәз болушы ек. Соңғы кездері бағдарлама әкімшілігінен шақырту келмей қалды. Себебін сұратсақ, бір топ ябанжы (шетелдік деген сөз) студент Түркияның туын аяққа таптап жатқанын бұлардың оперативті любитель операторлары видеоға түсіріп үлгеріпті. Ары қарайға әңгіме бағдарлама туралы емес, ту турасында. Жалпы, түрік халқы туға өттте құрметпен қарайды. Кез-келген ғимаратының төбесінде, тіптен жатақханадағы қыздардың кейбірінің терезесінде ай жұлдызды қызыл ту ілініп тұрады. Ту мен Ататүріктің суреті олар үшін ең қадірлі зат. Өткен жылы бір оқиға болды. Біз жаңадан кеп Чемберлиташ жатақханасына орналасып жатқанбыз. Біздің қыздардың бірінің төсегінің тұсындағы қабырғада Ататүріктің суреті ілініп тұрған көрінеді. Ол қыз ұйықтап жатқанда үстіме құлап кетер деп алып, елеусіз бір жерге қоя салған ғой. Сөйтсе, түрік қызының біреуі біздің қыздардың есікке жапсырып қойған тудың суреті бар «Рахат» конфетінің сыртын жұлып тастапты. Неге десек, сендер неге Ататүріктің суретін алып тастайсыңдар дейді. Намысшылын қара… Өткен жылы бізде, яғни Қазақстанда тудың суреті бар ішкиім сатуға түсіп, көп шу болған соң сатылымнан алынды деп оқыған ем, сатып алуға үлгергендер де бар екен. Осы жазда жағажайда бір-екеуін ұшыраттым. Осы жазда бір құрбым Америкаға work and travelмен барған еді, Американың туы бар рәзіңке тәпішке киіп келіпті. Дәл Американың өзінен...

Осы, туды құрметтеуді түріктерден үйрену керек-ау бізге...

Қазақшасы түпнұсқасынан да жақсырақ...

Александр Сергеевич Пушкин

Я вас любил: любовь ещё, быть может,
В душе моей угасла не совсем;
Но пусть она вас больше не тревожит;
Я не хочу печалить вас ничем.
Я вас любил безмолвно, безнадежно,
То робостью, то ревностью томим;
Я вас любил так искренно, так нежно,
Как дай вам Бог любимой быть другим.

қазақшасы:

Мен сізді сүйіп едім, мүмкін әлі
Сүйемін. Баурағансыз ұнап бірден.
Қос тағдыр қосылмаса кім кінәлі
Ал сізді айыптаудан жырақпын мен.
Үмітсіз сүйдім, сосын үздім әнді
Сан жұтып қызғаныштың кекті демін.
Өзіңіз ұнатқан жан сізді мәңгі
Дәл мендей сүйіп өтсін деп тіледім. (аударған Ф. Оңғарсынова)

түрікшесі:

Seviyordum sizi: bu aşk belki
İçimde sönmedi bütünüyle;
Fakat üzmesin sizi artık bu sevgi;
İstemem üzülmenizi hiçbir şeyle.

Sessizce, umutsuzca seviyordum sizi,
Kâh ürkeklik, kâh kıskançlıkla üzgün;
Bu öyle içten, öyle candan bir sevgiydi ki,
Dilerim bir başkasınca da böyle sevilin(аудармашысын білмеймін)

среда, 10 ноября 2010 г.

Қайдан шықты бұл футбол!!!

Біздің қазақ «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып құйрық жеген озар» дейтін-ді. Бірақ мақалдардың (жоғарыдағы мақалға жата ма, жоқ па білмеймін бірақ) да заман өте өзгеріске түсіп тұратыны бар. Сол секілді доп ойнағанның да тозып емес, озып тұрғаны рас. 11 аяқдопшы бір доптың соңында болса, бүкіл дүние сол 11 аяқдопшының соңында. Дөңгеленген дүниені басқа ойын дәл футболдай экранға байлай алмайды(Бірақ дүние жүзі тек қазақтардан тұратын болса, телерейтингте бірінші орынды футбол емес, түрік сериалдары алар еді:)))))))

Енді осы аяқдоп ойындары қайдан шықты, соған шолу жасап көрелік...

Аяқпен ойналған доп ойындарының тарихы ежелгі шумерлерден бастау алатын көрінеді. Мысырдан да табыттың қабырғаларынан аяғымен доп тепкен адам сықпытты суреттер табылған. Тіптен біздің заманымызға дейін 2500 жылдық тарихы бар диамерті 7,5 болатын, теріден және зығырдан жасалған доптардың кейбірі бүгінге жеткен, солардың біразын музейден де кездестіруге болатын көрінеді. Гомердің «Одиссейінде» де доп ойындары туралы айтылады. Орта Азия түріктерінде де қыз бен жігіт аралас команда құрып, допқа қол тигізбей, тек аяқ және баспен ұру арқылы қарсы команданың қақпасына кіргізуді мақсат еткен ойындар ойналғаны деректерде бар. Ішінде Мақмұт Қашқари да бар бірнеше тарихшының кітабында түркілер ойнаған «Тепүк»атты ойын жайлы сөз етілген. Бұл ойынның ережелері қазіргіге өте жақын. Ойынға қолды қатыстыруға тыйым салынған және доп алаңның тысына шықпауға тиіс-тін. Ал қазіргі футболдың негізі Римдік әскерлер арасында ойналған «harpastum» атты ойын көрінеді. Ал Еуропада футболдың тарихы әлі талқыланып келеді. Француздар, италиялықтар және британдықтар мұны меншіктеп алғылары бар. Өз мемкекеттерінен басқа мемлекеттерге тарағанын айтады. Өркениеттің түрлі кезеңдерінде түрлі формамен көрінсе де, фут-ойындардың қазіргісіне ең жақыны ХVII ғасырда Ұлыбританияда туылған деп санайды енді бір зерттеушілер.1848 жылы Ұлыбританияда Кэмбридж университетінде студенттер арасында ойналған ойында әр команда тек 11 кісіден шығара білген. Осыдан бермен қарай футбол 11 кісімен ойналатын көрінеді.

Қағыс естимін деп...

Ақыры ашылдым ғой, соңына дейін ашылайын:). Универ жайлы айтқанда еріксіз осы жағдай есіме түседі. Сегізінші наурызға жақын күндердің бірі. Екінші курс болуы керек ұмытпасам. Біздің факультеттің балалары журфактың үшінші залында мейрамға арнап концерт қойды, ішінде КВН-ы бар, өте қызықты өтті. Содан шығып келе жаттық, қасымда Гүлфат, Нұрзада деген құрбыларым бар. Жасырып не қылайын, журфакта маған ұнайтын бір бала бар-тұғын. Соны көрсем, әшейінде ауыз жаппас басым, жер шұқиды да қалады. Сонымен, оны көрмес үшін өзіміздің этажбен өтіп түсейікші деп өтініш жасадым қыздарға. Көріп қалуым ықтимал ғой әйтпесе. Бірақ біздің қыздарға қызық керек, көнбей қойды. Амал жоқ журфакпен, екінші этажбен, дәлірегі этаждан түсіп келе жаттық. Қыздар қатты сөйлей бастады, мен жай сөйлеулерін өтіндім. Қырсықтар: «Не, Пәленшиев Түгенше естіп қалады деп қорқасың ба?»-деп бұрыла беріп еді(әрине, атымен атады), дәл алдымыздан Түгенше шығыыыыыыыып келе жатыр. Тірідей өлтірді мыналар мені!.. Дым болмаған кісідей сәлемдесіп өте беріп ем, «мейрамыңмен!!!» дегендей болды. Бірақ мейрамға әлі ерте-тін. Бесі ма сондай әйтеуір. Бірақ сол мейрамға арналған концерттен шыққан маған сегізі басталып қойғандай көрінген. «Рахмет!!!»-дедім мен де мәз боп. «Рахмет??? неге?»деп сұрады ол. «Енді, мейрамыңмен деген жоқсың ба?»-десем, «Жоқ, медианетке кетіп барасың ба? деп сұрадым»-дейді. Есі бар кісі шыдар тұра алмас еді, құрбыларым жатып қалды. Менде күлер шама жоқ...

Эххххх, курстық жұмыс...

Универде жүргенде жазу жұмыстарына келгенде жалқаудың жалқауы мен тұғынмын. Курстық жұмыс дегендерді бір күн (дәлірегі бір түн) қалғанда жазуға отырам, ұйықтамай түнімен жазам, таңертең қорғаймын. Біздегі ұқыпты, пысық қыздар бұндайды бір ай бұрын жазып дайындап қоятын.

Сондай курстық жұмыстың бірі Гүлжан Болатова деген апайдың сабағынан-тұғын. Сабақтың аты ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. Дәлірегі, қазақ әдебиетінің тарихы деген сабақ, тек біз әр семестр соның бір кезеңін оқимыз. Үшінші курс. Бірінші курсқа келгенде старшактардан сұраймыз әуелі, анау апай қандай, мынау ағай қандай деген сияқты… Олар бізге сипаттайды. Солардың ішінде Тасымов, Берікбай ағай(егер кф-қазақ филологиясы болсаң) және осы Гүлжан Болатованың аты көбірек аталатын-ды. Осылардың сабағынан қалма дейтін. Гүлжан апай расымен қатал, сұсты, оқымасаң баллды аз қойып, рубежкада зарлатады. Бірақ мен Гүлжан апайдың жиені Ақботамен бір сыныпта оқығанымды айттым әу бастан. Ақботаның һәм өзіне, һәм бізден бір сынып төмен оқитын інісіне математикадан бір адамдай көмектескем. Сонымды алға тартып біраз еркін жүрдім. Басқалар сияқты Өмірхан ағайдың кітабын түгелімен жаттағам жоқ. Сонымен, сол Гүлжан апайдың сабағынан курстық жұмыс берген-тұғын. Тақырыбым Қазақ драматургиясының қалыптасу тарихы. Біздің кітапханада жөнді кітап жоқ екен. Академиялық кітапханаға бардым, қорғаудан бір күн бұрын. Бағыбек Құндақбаевтың театр сынына қатысты кітабын, тағы бір екі авторды үйге сұрап алдым. Сосын сағат алтыда медианетте сабағым бар-бар-тын, соған қатыстым. Сөйтіп жатақханаға сағат тоғызда оралдым. Шай ішіп, газет ақтарып, қыздармен сөйлесіп… сағат түнгі бір болды. Сосын жаңағы курсовойды жазуға отырайын. Іздесем кітаптарым жоқ. Медианетте қалып қойды ма деп куратор Ботаға звондаймын, ештеңе қалмады дейді. Құрыған жерім осы шығар. Таңертең сағат онда қорғау. Бәрінен бұрын кітапхананың кітаптарын айтсайшы… Өзіміздің кітапхана емес, білдей академиялық кітапхана… Амалым құрып медианеттегі группаласым Балжанға звондадым, түнгі бір жарымда. Сөйтсем жатақханаға келгенде автобустан өзім түсіппін да, кітаптарым қалып қойыпты. Бақытыма орай Балжан менен екі аялдама кейін түсетін, сол көріп, алыпты да, менікі екенін біліп, өзімен алып кеткен екен. Қуанышымда шек жоқ, курсовойымды жазып, өткізіп, бес алған адамдай жеңілдеп қалдым. Ол маған таңертең тоғызды әкеп беретін болды. Онда қорғау. Нешауа, бірдеңе қылармыз, бастысы кітар табылды. Таңертең сегізде корпусқа бардым. Тоғызда Балжан келді. Екеуміз шай іштік. Айтпақшы, ұмытып барады екем, қорғау екіге ауыстырылыпты. Жыртық үйдің құдайы бар дейсің бе, іздегенге сұраған дейсің бе, әйтеуір бар нәрсе менің орайыма шешіліп жатты. Онда біздің оқырман залына кірдім да, сағат бірге дейін қырық бет курсовойды жазып біттім. Пайдаланған әдебиеттерге өзім білетін барлық жазушыны тізіп жазып бердім. Сонымен курстық жұмыс дайын. Сағат екіде салып ұрып аудиторияға барсам, бәрі тапсырып тастапты. Беріп үлгердім бірақ. Гүлдан апайым әдебиеттер санына қарады да, бәрі дұрыс қой Серікқызы?-деді. Ұялып жатар шама жоқ, басымды изедім. Міне, өстіп бір курстық жұмысымды болатын күні жазғаным бар.

понедельник, 8 ноября 2010 г.

Бүгін дүйсенбі сағат екіде еді сабағым. Соған асықпай келдім дегеннің өзінде екі сағат ерте келіппін. Төртінші қабаттағы интернет бөлмесіне кіріп, он.кз, аламан.кз-ты ақтарып екіні күттім. Тура екіде ANFİ-A-ға(дәріс болатын аудиторияның аты) барсам, ешкім жоқ. Жоқ емес-ау, анаааааааау төр жақта бір түрік студент отыр екен. Содан «сабақ болмай ма не?»деп сұрасам, «жоқ, емтихан ғой бүгін»дейді. Жүрегім тас төбеме шықты. "Қай жерде?" десем, "қазір, сағат екіде, осы аудитрорияда" деп жауап қатты. Ал керек болса. Дүние дөңгеленіп жүре берді. Сосын, «осы сен екінші курссың ба?»деп сұрасам, үш екен. Жүрегім орнына түскендей болды. Жүгіріп барып астыңғы қабаттан емтихан кестесін қарадым. Шығып қойыпты. Қуануға орай жоқ, бұл сабақтың емтиханы ертең екен. Өткен апта түгел сабаққа келмегенім енді есіме түсті. Сол сабақта ескерткен болуы керек ұстазымыз.

Сонымен, ертең бакалаврдың студенттерімен бірге оқитын «Ақпарат және құжаттарға қол жеткізу»(Bilgi ve belgelere erişim) деген сабақтың емтиханы. Алғашқы емтихан. Дұға етіп қойыңыздар бауырлар!!!
Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады деген рас-ау… Кеше Ақтөбе чемпиондық тәжден айырылды. Бүгін Галатасарай Трабзонспордан жеңілді. Рас, Трабзонспор оңай шағылар жаңғақ емес, десе де, ГС-ның жеңетін мүмкіндігі бар еді, өздері құртты. Серветтің қателігі.

Шіркін, Арда тезірек қосылса ғой ойынға...
Кеше кешкісін (Ыстамбұл уақытымен) Ермұхамед Мәулен бауырым смс жазады. Мой мирдегі достарымның ішінде бар болғаны және бір факультетте оқығанымыз болмаса ортақ әңгімеміз жоқ-тын. Бірақ спорт.кс-та істегенін білем, сырттай тілекші боп жүретін едім. Сол кеше агенттен смс жазғанында еш шүбәсіз дереу АҚТӨБЕнің жеңісімен құттықтайын деген болар деп ойладым. Бірақ… керісінше жеңіліспен "құттықтады". Құттықтадыны тырнақшаға алмауым керек еді негізі, өйткені тура мағынасында құттықтады. Бірақ ала салдым (сөзді көбейтпейін ары қарай)...

Cонымен, Ақтөбе чемпиондық тәжді «Тобылға» берді. Уақытша. Бір қызыыыыық… непривычно....(Біздің қыздардың әдеттен тыс, оғаштау нәрсеге қолданатын сөздері). Иә, уақытша. Бір-ақ жылға. Менің бір досымның:«Кешке бір досымды ертіп шығам. Оның да аузы аққа, қолы қызға тисін, подруганды ілестіре шық »дейтіні бар еді, сол секілді Тобылдың да аузы аққа, қолы қызға, ой кешіріңіз, чемпиондыққа тисін деп бір жылға бере тұрдық. Келесі жылы қайтып аламыз...
Кеше Актобе, бугин Галатасарай… О, Кудайым-ай, бул ненин жазасы?
Сени ар ойлаганымда журегиме бир жулдыздын суретин cалатынмын. Казир ол жулдыздардын канша екенин билемисин? Будан былай менин жеке аспаным бар...

суббота, 6 ноября 2010 г.

Көптееееееееееееееен... көптен дегенде... үш жыл болды, күнделігіме ештеңе жазбағам. Оныншы сыныптың аяғында басталған менің мөлдір әлемімдегі өзгерістермен қоса күнделік пақырдың да алғашқы бетіне үмітке толы маржан жазулар тізіле бастапты. Әр күнгі жазба үлкеееееееен үміт арқалап, сол күнгі парақты жабатын. Осылайша төрт жыл өтті. Екінші курста онымен танысып, біліскеннен кейін жазбалар да жандана бастады. Алайда көп ұзамай сезім екеуара емес, біржақты болған соң қарым-қатынас бауы біртіндеп сетіней бастады. Бұл кезде жазбалар да сиреді. Ал үшінші курста оған деген сезімім семи бастағанда күнделікті мүлдем қолыма алмайтын болдым. Әуелгіде жастығымның астында жататын, кейіннен шабаданымның түбіне жайғасты. Мен жайғастырдым әрине. Көшіп-қонғанда біреуінің қолына түспесін деп сыртынан елеусіз бір пакетпен орап қойғанмын. Сол пакетпен Түркияға да келді. Онан бері де түрлі әсерлер жасанды, жаңа мемлекетке келу, жаңа мәдениет, жаңа достар...Бірақ соның бір де бірі оныншы сыныптағыдай әсер қалдырмаса керек, күнделігімді ашуға әрекет те жасамаған еді-тінмін.
Бүгін соны аштым!!! Дереу ішімдегіні ақтардым. Бітірген соң алдыңғы жазбаларды парақтағам, ең соңғы жазба 19.07.2007-де жазылыпты. Бүгін алтыншы қараша. Алдыңғысының соңы ащы бітіпті... Бұл жолғысы...Көрерміз...

среда, 3 ноября 2010 г.

Қазақ пен түрік халқының ырымдарындағы ортақтық пен айырмашылықтар

«Қазақтар ырым етеді, ырымы қырын кетеді» дейтұғын бір мақал бар. Қазақтың ырымшылдығын, сенгіштігін сынау үшін айтқаны. Бақсақ, ырымшылдық жалғыз бізге тән емес, түрік халқының қанында да бар қасиет көрінеді. Кейде тіпті бұл түрік, қазақ қана емес, жалпы адамзат баласына тән бе деп те ойлаймын. Өйткені қара мысықтың жолды кесіп өткенін сәтсіздік санайтындар жер жүзінде жетіп жатыр. Немесе қытайлардың он үш пе еді, әлгі бір саннан шошитыны. Алты санын сайтаннан деп нанатындар… т.б.

Бірақ біз бұдан кейінгі абзацтарда тек түрік пен қазақ ырымдарындағы айырмашылық пен ортақтықты сөз ететін боламыз.

Түрік халқы да дәл біз секілді өліге құрметпен қарап, олар жатқан мекенді киелі санайды. Сол себепті мазарға қатысты ырымдары көп кездеседі. Мәселен, бейіттің басындағы ағашты кескен адам қайғыға душар болады деп сенеді. Сондай-ақ бейітті сұқ саусағымен көрсеткен адамның бармақтары кесіледі-міс. Бұл тыйым бізде де бар. Әжелеріміз сұқ саусағыңмен бейітті көрсетуге болмайды дегенде біз «неге болмайды?»деп қарсылықты сауал жөнелтеміз ғой. Бірақ сол «неге болмайдымызға» әр ырымда «жаман болады» жауабын алатынбыз. Жауапқа қанағаттанбасақ та жамандық келетінінен қорқып, ырымды екі еткізбеуге тырысатынбыз.

Түріктер жас сәби қоймастан жыласа ол үйге көп ұзамай өлім келеді дейді. Бұл ырым бізге де жат емес, кішірек кезімізде әжелеріміз «өксіме, басыңа бірдеңе көрінді ме?»дейтіні тегіннен тегін емес қой. Сондай-ақ, байғыз шатырға кеп дыбыс шығарса, сол үйден біреуі өледі дейтұғын ырым оларда да бар. Айтпақшы, түрік халқы құрбандыққа шалынған мал тілін шығарса, көп ұзамай шалған үй иесі өледі деп жориды. Бірақ бұл ырым бізде жоқ секілді.

Екінші бір ұқсастық отқа қатысты ырымдарда кездеседі. Мәселен, оларды жанып тұрған отқа түкіру, су төгу, тырнақ салу сәтсіздік әкеледі. Ал бізде отқа су құйып өшіру ошағыңның оты өшсін, ұрпақсыз өт деп жорылады.Тырнақты бізде керісінше, жанып тұрған отқа тастайды. Сондай-ақ от әлдеқашан сөнген болса да күлдің жанына жатуға болмайды, күлде жын мен шайтан ойнақ салады-мыс.

Бала кезімде құрбақа өлтірсем әжем жаңбыр тоқтамай жауады, бидай төксем, өгіз сүзеді деп сендіретін. Сол себепті үлкендер жаңбыр тілегенде тасаттық жасаса, мен құрбақа өлтіретінмін. Жанды тіршілік иесінің обал сауабын білмейтін ессіз заман ғой. Дәл осы ырым түрік халқында да бар болып шықты, бірақ олар құрбақа емес, жылан өлтірсе, тоқтамай жауын жауатын көрінеді. Жолға шыққанда алдымыздан қоян кездессе біз жолымыз болады екен деп басымыздағы бөркімізді аспанға атып қуанамыз, ал түрік халқы керісінше жолымыз болмайды деп қайтып келеді екен.

Үстіңе киіп тұрған киімді шешіп тігу керек, әйтпесе кісінің жолы байланады екен. Бұл ырым бізде де ішінара қолданылады. Біздің аймақта қолданылмағанымен Қызылорда жақтың қыздарынан естігенім бар.

Жарылған ыдысты міндетті түрде сындыру керек, әйтпесе бақытсыздық, шығын әкеледі деп ырымдайды.

Сондай-ақ түрік халқында түн, қараңғылыққа қатысты ырымдар көптеп кездеседі. Түнде тырнақ алма. Бұл бізде де бар. Бірақ бұл ырымнан гөрі әдеп, денсаулық тұрғысынан жасалған тыю секілді көрінеді маған. Ертеде түнде жарық жоқ-тын. Киіз үйде немесе бір, әрі кетсе екі бөлмелі баспанада тұратын бабаларымыздың аяқ-табағы жатар орнынан алыс емес еді. Тырнақтың байқаусызда табаққа түсіп кетуі ықтимал. Осы себепті тыйым салған секілді. Сол секілді нанның күйгенін жесең, бай боласың, нан қоқымын жесең, бақытты боласың дейтіндер ас атасын ысырап, әрі аяқ асты етпес үшін айтылған сөз бе деймін. Жоғарыдағы бидай төксең, өгіз сүзеді деген де осындайдың мысалы.

Сондай-ақ, түнде сағыз шайнау- өлінің етін жеу, түнде тігіс тігу–өлінің етін тігу деген секілді ырымдары бар. Бұлар да жоғарыда айтқандай қараңғы жерде болуы ықтимал төтенше жағдайдың алдын алу секілді. Өйткені, қараңғыда киім тіккеннің қолына ине кіріп кетуі мүмкін, т.б. Олай дейтін себебім, бұл ырымға түріктер өздері де сенбейді, күле қарайды.

Ырымға сену –Аллаға серік қосу деп қанша жерден туласа да қазақ ырымшылдығын қойып кете алмайды. Соңғы кезде ырымдар да заманына қарай жаңарып, «модный» ырымдар пайда бола бастады. Бір құрбым: «Ақшаң көп болсын десең, оны айнаның алдына қойып қой» десе, енді бірі: «Сен ақшаға қалай қарасаң, ақша саған солай қарайды. Ақшаны әмиянға ұмар-жұмар қып тыға салмай, бүктеуін жазып, ұқыптап сал» дейді. Тағы біріне ақша берсем, қолға бермейді, жерге қойып бер дейді...

Біз көрген білгенімізбен бөлістік. Сенбеу сену өз ықтиярыңызда.

понедельник, 1 ноября 2010 г.

Мына қызыққа қараңыз. Үстінде дүние жүзінің картасы бар сиыр.


«Рональдинье сияқты бір аяқдопшыға спонсор болғыңыз келе ме?»

«Рональдинье сияқты бір аяқдопшыға спонсор болғыңыз келе ме?». Галатасарай клубының директоры Аднан Полат «Pegasus әуе жолдарының» директоры Әли Сабанджыға сұрақты дәл осылай төтесінен қойды. «Спонсор болуға болады, бірақ Рональдинье үлкен есім» деп жауап берген Сабанджыға Полат: «Көз алдымызда оны үлкейтпеңіз, оны келтіру анау айтқандай қиын емес» деді. Осы түріктердің амбициясына разымын. Қазақтар: «Құласаң, нардан құла», орыстар «Попытка не пытка» демей ме? Бізге де осындай тәуекел керек-ақ!

Үнсіздік

Сенбі күні өткен жылы келген қазақ студенттері биыл келгендерді қонаққа шақырған-тұғын. Мен де бардым. Жақсы, көңілді өтті. Ары қарайғы әңгіме бұл турасында емес бірақ.
Сол кештегі қызып жатқан «мафия» ойынын қиып, сағат жергілікті уақытпен 19-да басталатын Галатасарай-Анталияспор матчына асығып кеттім жатақханаға. Түрікшелесек, матч кейфін, жалпақ тілге салсақ «матч кайфын» қашырғым келмеді. Жатақхана асханасының екінші қабатындағы үлкен экран алды әдеттегідей толы екен. Тек оң жақта бір баланың жанында және артында екі орын бос. Артқы орынға жайғастым. Ойынның басталуына 8 минуттай бар екен. Буфеттен су алайын дедім де, сөмкем мен қағаздарды алдымдағы баланың жанына қарай тұрыңызшы деп қойып кеттім. Келдім, жанына бір қыз жайғасыпты. Қызы болу керек. Рахметімді айтып сөмкемді алдым да, арттағы өз орныма отырдым. Ол да жылы күлімсіреп, оқасы жоғын айтты да, жанындағы қызбен әңгімесін жалғап кетті. Матч басталды. Ойын қызып жатыр… Сәлден кейін қыздың орындығының арқалығында ілініп тұрған куртқа жерге түсіп кетті. Мен дереу иіліп, алып бердім. Сөйтсем, ол қыз емес, ұлдікі екен. Онан соң не болды дейсіз ғой. Әлгі екеуі ұрса жөнелді. Матчтың қызығымен отырып, мән бере қоймадым. Бір кезде ұл екі қолымен мен жақты көрсетіп: «Сұрасаңшы енді, сұра!» қатты дауыстады. Қарадай қысыла бастадым. Мұндай да болады екен. Матч жайына қалды. Үнсіз қалдым. Бірдеңе дегім келді, әлгі жазықсыз ұлды ақтап… Деудің ретін таппадым бірақ. Қыз болса артына қарады да, ештеңе деместен кеттік деді. Сонан соң екеуі де тұрып кетіп қалды. Біраз жеңілдегендей болдым. Бірақ онан соң матч кайфының бұзылғанына ызам келе бастады. Осылай өзіммен өзім арпалысып отырғанда матч та бітті.
Бөлмеге қалай келгенімді білмеймін. Келген соң да ауырлық кете қоймады бойымнан. Ойыма Мұхтар Шаханов ағамыздың "Үнсіздік" деген өлеңі келе берді. Өлеңі емес-ау, тек тақырыбы. Өлеңі не туралы екенін есімде жоқ бірақ...