понедельник, 1 ноября 2010 г.

Үнсіздік

Сенбі күні өткен жылы келген қазақ студенттері биыл келгендерді қонаққа шақырған-тұғын. Мен де бардым. Жақсы, көңілді өтті. Ары қарайғы әңгіме бұл турасында емес бірақ.
Сол кештегі қызып жатқан «мафия» ойынын қиып, сағат жергілікті уақытпен 19-да басталатын Галатасарай-Анталияспор матчына асығып кеттім жатақханаға. Түрікшелесек, матч кейфін, жалпақ тілге салсақ «матч кайфын» қашырғым келмеді. Жатақхана асханасының екінші қабатындағы үлкен экран алды әдеттегідей толы екен. Тек оң жақта бір баланың жанында және артында екі орын бос. Артқы орынға жайғастым. Ойынның басталуына 8 минуттай бар екен. Буфеттен су алайын дедім де, сөмкем мен қағаздарды алдымдағы баланың жанына қарай тұрыңызшы деп қойып кеттім. Келдім, жанына бір қыз жайғасыпты. Қызы болу керек. Рахметімді айтып сөмкемді алдым да, арттағы өз орныма отырдым. Ол да жылы күлімсіреп, оқасы жоғын айтты да, жанындағы қызбен әңгімесін жалғап кетті. Матч басталды. Ойын қызып жатыр… Сәлден кейін қыздың орындығының арқалығында ілініп тұрған куртқа жерге түсіп кетті. Мен дереу иіліп, алып бердім. Сөйтсем, ол қыз емес, ұлдікі екен. Онан соң не болды дейсіз ғой. Әлгі екеуі ұрса жөнелді. Матчтың қызығымен отырып, мән бере қоймадым. Бір кезде ұл екі қолымен мен жақты көрсетіп: «Сұрасаңшы енді, сұра!» қатты дауыстады. Қарадай қысыла бастадым. Мұндай да болады екен. Матч жайына қалды. Үнсіз қалдым. Бірдеңе дегім келді, әлгі жазықсыз ұлды ақтап… Деудің ретін таппадым бірақ. Қыз болса артына қарады да, ештеңе деместен кеттік деді. Сонан соң екеуі де тұрып кетіп қалды. Біраз жеңілдегендей болдым. Бірақ онан соң матч кайфының бұзылғанына ызам келе бастады. Осылай өзіммен өзім арпалысып отырғанда матч та бітті.
Бөлмеге қалай келгенімді білмеймін. Келген соң да ауырлық кете қоймады бойымнан. Ойыма Мұхтар Шаханов ағамыздың "Үнсіздік" деген өлеңі келе берді. Өлеңі емес-ау, тек тақырыбы. Өлеңі не туралы екенін есімде жоқ бірақ...

Комментариев нет: