среда, 9 ноября 2011 г.

Ұлттық ойынымызды ұлықтаған шара.


Дүние жүзінде зияткерлік ойындардың 400-ге жуық түрі бар екен. Олардың ішінде үндінің шахмат, орыстың дойбысы, жапонның го, қазақтың тоғызқұмалақ, Африка құрлығынан шыққан овари сияқты түрлері әлемге кеңінен танымал. Шахматтан жүйелі түрде әлем құрлық чемпионаттары, командалық олимпиадалар өтіп тұрса, дойбы, тоғызқұмалақтан да әр елдің өз чемпионаттары, құрлық, әлем біріншіліктері болып тұрады. Сонымен қатар зияткерлік бірнеше ойынның басын қосатын шаралар мысалы, Англия, Чехия, Швейцария, Түркия және т.б елдерде дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Ұлтымыздың төл ойыны тоғызқұмалақ та жоғарыда аталған елдердегі шараларға үзбей қатысып келеді. Кезекті сондай бір семинар-жарыс қараша айының 2-5 күндері Түркияның Стамбул шаһарында болып өтті. Семинар қазақтың тоғызқұмалағы және түріктің мангала ойындарына арналды. Семинар жұмысына жергілікті мамандармен қатар Қазақстанның тоғызқұмалақшылары мен жаттықтырушылары қатынасты. Оларды Астана қаласындағы Түрік Академиясының ғылыми қызметкері Мақсат Шотаев бастап барған болатын. Бізді таң қалдырғаны екі ұлттық ойынның даму барысы мен деңгейіндегі айырмашылық болды. Тарихы терең, тәуелсіздігінің өзі ғасырға жуықтаған (1923), 80 миллион халқы тығыз орналасқан, инфрақұрылымдары жетік, мүмкіндігі мол, өркениеті жоғары елде мангала ойыны енді ғана насихатталу үстінде. Ұлттық ойынның жанашыры Сердар Джейлан бастаған жігіттер ұзақ уақыт ұмыт қалған мангаланы тірілтуді қолдарына алған. Шүкіршілік ететініміз біздің тоғызқұмалақтың «түрік туысынан» біраз алға кеткендігі. Олай дейтініміз Қазақстанда ерлер мен әйелдердің арасында, жастар мен жасөспірімдердің, командалық, Кубок үшін т.б жарыстардың жүйелі түрде өткізіле бастағанына 20 жылдан асып кеткен. Алғашқы әлемдік және құрлықтық чемпионаттар да өткізіліп үлгерді. Біраздан бері шетелдік турнирге де қатысып жүр. Тоғызқұмалақшыларымыздың тәжірибесінің молдығы мен шеберлік деңгейінің жоғарылығынан болар, өзге елдің зияткерлік ойындарын қиналмай-ақ меңгеріп кететіндігі. Ғалымжан Темірбаев, Әсел Далиева, Мақсат Шотаев сынды шеберлеріміздің овари, мангала сияқты ойындардан шет елдерде топ жарып жүргені осыған бір дәлел.
Тағы бір байқағанымыз, түрік ағайындардың тоғызқұмалақ пен мангаланы бөліп жарып қарамайтындығы. Семинар жұмысында Мақсат Шотаев тоғызқұмалақтың бүгінгі даму барысы жайлы сөз қылса, Сердар бей және басқа да түрік ағайындар Қазақстанда көп жылдардан бері «мангала федерасионының» жұмыс істейтіндігі, «Мақсат бейдің» мангалаға сіңірген еңбектері жөнінде жарыса айтып жатты. М. Шотаевқа қатысты соңғы пікір шындықтан көп алысқа кетпейді екен. Мұны өз арамызда Мимар Синан университетінің профессоры, белгілі ғалым, ұлт зиялысы Әбдуақап Қара ағай да айтып өтті. Оның айтуынша, Мақсат ағамыз тоғызқұмалақты насихаттау мақсатындағы кезекті бір сапарында түрік ағайындардың тарихында тоғызқұмалаққа ұқсас мангала атты ойын болғаны жөнінде айтады. Мангаланың қайта жаңғыруы осы әңгімеден бастау алды дейді ғалым ағайымыз.
Семинардың соңы мангала мен тоғызқұмалақ бойынша жарысқа ұласты. Оған қазақ тоғызқұмалақшылары, түрік мангалашылары және Стамбул университеттерінде тәлім алып жүрген қазақ, түрік студенттер қатысты. Нәтижесінде Серікқызы Мөлдір жеңімпаз атанса, Мимар Синан Университетінің студенттері Слим Челик пен Рукие Чалышкан тиісінше екінші үшінші орындарды бөлісті.  

понедельник, 5 сентября 2011 г.

Түрік баспасөзі не дейді

02.09.2011- дегі Еуро-2012 іріктеу турының Түркиямен өткізген матчындағы 2-1лік жеңілісімізді олжа санап бөркімізді аспанға атқанымыз жасырын емес. Көптен бері ел ішіндегі «келісілген матчтар» кикілжіңімен сарсылған, өздерін толықтай жинап үлгермеген Түркиямен тең түссек, кездейсоқтық демес ек, тек қарсыласымыздың бағы басымдау болды. Бар болғаны сол ғана. Әйтпесе алапат ойын көрсеткен Түркияны көрген жоқпын өз басым.
Осы күнге дейінгі ресми кездесулерде қақпамызға 13 гол кіргізіп, бір де бір гол соға алмаған біз үшін Ұланның голы әрине үлкееееен олжа. Дегенмен мұны түрік ағайынның гол деп мойындағысы жоқ. Бүкіл баспасөзі жарыса, кездейсоқ тебе салған еді, гол болды, әйтпесе тағы қоржындары бос қайтар еді, голды жіберіп алған Волканнан Қонысбаевтың өзі қатты таңырқады десті. Түріктер өз ойындарын жерден алып жерге салғанымен біздің ойынды да мақтай қойған жоқ. Матчтың ертесі күні елдің басты газеттерін ақтарып шыққанда біздің футбол туралы құрығанда бір пікір күткен ем, үмітім орындалмады. Бір жағынан, өз футболының басынан бұлт арылмай жатқанда, біздің футболымыздың мәселелерін қайтсін...
Тек «Фанатик» дейтұғын күнделікті шығатын спорт газетіндегі Мехмет Демірқолдың біз жайлы: Өте нашар қорғанды, өте нашар ойнады және өте нашар қақпашылары бар-ды. Бірақ біз де аса жақсы емес едік,- дегенін тасада қалдырғым келмеді.
Оған қоса mackoloik.com сайтындағы мына жолдар назарымнан тыс қалмады: «Аяқдопшыларына Қазақстан сияқты әлем футболында орны жоқ бір қарсыласпен өздері күтпеген, дәл мынадай нашар ойын өткізгендерінің астын сызып айтқан Хиддинк: Бүгін ешбіріңді тани алмадым, әуесқой командадан бір айырмаларың жоқ-ты деді».
«Заман» газеті ебедейсіз қақпашымыз бар екенін жазады. Мұнымен қоса аталмыш газет құраманың орыстардан жасақталғанын тағы да тілге тиек етіпті.
Матчтың ертеңіне көп газет маңдайына: «Қазақстанның қарсысында өлдік өлдік және соңғы секундта тірілдік» деп тақырып қойды. Демек түріктер біздің де бұрынғыдай оларға қалпақпен ұрып алатын оңай қарсылас емес екенімізді ашық жазбаса да іштерінен мойындаса керек.
Ғалия Серікқызы

пятница, 25 февраля 2011 г.

четверг, 24 февраля 2011 г.

Ақыры ашылдым ғой, соңына дейін ашылайын деген ба?:-) Бір сериалға түскенімді айтайын деп жатырмын. Бір күні Әзім деген таныс бар еді (Азим ғой шын аты, қазақшалағандағым), сол звондап, сериалға түсесің бе?-дейді. Өзі Мимар Синан Көркем Өнер университетінің түлегі, ТРТ-да бір қызметкер, нақты қандай қызмет екенін итім білсін. Сол, қасыңа бір қыз, екі жігіт алып, келші ертең пробаға дейді. Содан, жаныма бір қазақ қыз, екі қырғыз жігіт алып бардым ертесіне. Қандай рөл деп сұрамай жатып келісім бергенсің ғой, келсек, босқынның рөлін ойнайсыңдар дейді. Бірақ, әлгі үшеуінің бағы бар екен, пробадан өтпей қалды. Тым сұлусыңдар дейді, босқын рөлі үшін. Мені алып қалды, кішкене лайығырақсың деп. Босқын рөліне лайықсың деп. Күлесің бе, жылайсың ба?:-)
Мен алғашында біраз нетіп едім, артынан келістім. Сериалға да бір көрейік түсіп дегенім ғо. Журналистік қызығушылық-тағы. Сонымен, ертесіне сағат он бірде осы жерде бол деді. Қала сыртындағы Тұзла деген жерде түсіреді-мыс. Шашыңды жума, тарама, макияж жасама, мүмкіндігіңше мыстан кемпірге ұқсап кел деді. Кешкісін звондап, көнетоз, кір, қыртыс көйлегің бар болса киіп келші, саған көйлек таба алмай жатырмыз деді. Ондай көйлек қайдан болсын. Сонда да бір Мангодан атам заманда алған, кезінде өзім жақсы көретін көйлек бар еді, бір күні шаш бояғанда бояу жағылып, кияюге келмей қалған-тұғын. Уборщицаларға берермін деп бір жерге тастағам, сол әжетке жарады. Тауып алып он бүктеп қойдым. Қыртыстансын деп. Таңертең тұрып байқамай шашымды жуып қойыппын. Шартсыз рефлекс. Болмайтын болды. Енді не істеймін. Тым құрыса формасы бұзылып, он бірге дейін жапырайсын деп орамал тағып алдым. Макияж жасау әуелден күнделікті графигімде жоқ-тұғын. Бірақ басыма бір идея келді. Көзімді боядым, сосын сүрттім. Сүрткенде ол жағылып, көзімді біреу қолмен ұрып ісіргендей болды да шықты. Сөйтіп, онда жатақханадан шықтым. Таныстар маған не болғанын сұрайды. Ештеңе, кеше есіктің тұтқасына екі көзімді ұрып алдым дей салдым. Қалжың әрине. Ештеңе деп жауап беруден қашқақтадым. Автобуста да бәрі маған аянышпен қарайды. Түріме. Қайта көйлекті көрген жоқ. Ұзын куртканың ішінде еді-тін. Ойларын көздерінен оқып тұрмын. Он бірде межелеген жерге жеттім. Азим мені көріп бас бармағын көрсетті. Рөлге дәл келіп тұрсың дегені.
Жан-жағыма қарасам өңшең сақалы өсіп кеткен, шашы өсіп кеткен, нағыз «босқындар» тұр. Менің түрім ойыншық болып қалды. Айтпақшы, әлгі екі қырғызды сақалдарың жоқ деп қайтарған-тұғын. Дұрыс бопты. Және бір-екі негр қыз, бес-алты негр бала, бір араб бар. Ал жаңағы сақалдылар Түркияда жұмыс істейтін өзбектер екен. Жұмыс істейтін өзбектер дегенге құрылысшылар екен деп ойлап қалмаңдар,әжептәуір қызметтері бар көрінеді. Тек сақалды сүннет болғасын өсіріпті, намаз оқиды екен да. Негрлер мен сияқты студенттер екен. Бірақ ішінде біреуі ғана түрікше біледі екен.
Сонымен, түсірілім алаңына келдік. Полисайлар толып кетіпті. Мыналар не қаптап жүр десем, олар полисай болып ойнап жүргендер екен. Сценарий бойынша біз суық контейнердің ішінде бір-бір одеало жамылып отырамыз бүкіл босқындар. Бетіміз де жабық. Сосын біздің контейнерге бір байдың әйелін шешесімен, баласымен әкеп кіргізеді. Адам сатуға апара жата ма, сондай. Олардың даусын естіп біз одеалды бетімізден түсіреміз. Негрлерді көріп олар шошып кетеді (Осы жері қатты күлкілі еді, қайта-қайта түсірді). Олар бізді турист деп ойлайды, ішіміздегі араб босқын екенімізді айтады. Олар жылайды. Бір кезде бай әйелдің анасы ауырып қалады. Ауа жетпей. Барлығымыз аяқкиім, қол, жанымызда не бар, соның бәрімен контейнер қабырғасын ұрамыз. Тоқтасын деп. Бір жерге келгенде ол контейнер тоқтайды, біз екі метр биіктіктен жерге секіреміз. Ұстай алғанын полиция ұстайды, ұсталмағаны секіріп қашады. Бар болғаны осы. Бірақ не керек, осыны түскі екіден түнгі екіге дейін түсірдік. Әсірелеген жоқпын, рас айтам.
Түріктер сериалдың бір апталық сериасын түсіріп эфирге шыға береді. Бұл сериялары да келесі аптада жарияланды. Өкініштісі мен өзімді көре алмадым. Дәл сол сағатта маңызды бір матч бар еді. Матч пен сериал дегенде таңдау қайсысына түсетіні белгілі ғо.
Жазғанға қызық болмағанымен түсірілімнің тұла бойы қызыққа толы болды. Міне, менің ең алғашқы әртістік экспериментім.

вторник, 22 февраля 2011 г.


Ол кезде біз орта мектептің жетіншіііі, жоқ сегізіншііііі... әлде тоғызыншы сыныбында ма, оқитын едік. Ауылдағы мал жайлау мен қонаққа барудан басқа шаруасы жоқ кемпір-сампыр, шал-шауқанын қойып, жалғыз көзі ашық жұрт саналатын мұғалімдерін де телебізірдің алдына телмірткен «Асау жүрек» бәріңіздің естеріңізде шығар. Біз сияқты ши борбайлар мен жалбыр шаштар екі бастан... Кешкі алты болса «Юсуф» көреміз деп экзаменнің консультациясына бармай қоятынбыз. Бәрінің аузында «Юсуф», «Юсуф» емес-ау, «Есуф». Үлкендер жағы «Жүсіп» десетін. Сосын «Торғай». Әсіресе Сабридің «Пашаааа!» дейтінін, Торғайдың Амантай қажы құсап қырылдайтынын балалар айнытпай салатын. Айтпақшы, Құсшы бар екен ғо, Құсшы. Көгершіндерімеееен отыратын ше. Сол кейіпкер кеееерім ұнайтын маған. «Юсуф» ылғи жаны қиналғанда соған кеп жүгінеді емес па?! Сондағы Құсшының сөздерін айтшиш. Мықты.
Ауылда жалғыз менің папам ғана «Караван» алатын. Бір күні әлгі «Караванға» «Юсуф» шығыпты, тізесін құшақтап отырған суретімен. Астында автобиографиясы қысқаша. Математик екен. Бойдақ екен. Ал патнершасы Зейнеп күйеуінен ажырасқан екен. Түсінгеніміз сол-ақ болды. Сосын ол «Караван» бүткіл ауылды аралап кетті. Бес-алты күннен кейін жұлым-жұлымы шығып қайтып келген «Караванды» әпкем Гауһар чемоданына салып қойғаны есімде.
Сол, сүйтіп ауылды біраз, біраз емес-ау, кәдімгідей дүрліктірген Юсуф-Кенан Әмірзалыұлыны бетпе-бет кездестірем деп ойлаған жоқ едім еш. Әрине, оқуға кетіп бара жатқанда бәрі, бір мен солардың тап жанына кетіп бара жатқандай, «Полат Алемдарға сәлем айт», «Юсуфке сәлем айт», «Гүмішке сәлем айт» деп құшақ-құшақ сәлемдерін тапсырып жіберген-тұғын. Күлгенмін де қойғанмын. Сөйтсем, «Тау мен тау кездеспесе де адам мен адам кездеседі» екен ғо. Каникул болғасын универ жаққа ат ізін салғым келмейтін. Баратын кітапханасы да жоқ, несіне барасың. Сөйтіп жүргенде ғайыптан тайып ауырып, біздің факультеттің қасындағы ауруханаға бара қалдым. Біздің ауруханадан бөлек, крутой, жекеменшік аурухана бар еді жанында. Сол жерде «Езел» дейтін сериалдың түсірілімі болып жатыр екен. Асай-мүсейімен шауып жүрген оператор- моператорлардың жанында бойы екі метр, түрі таныс біреу тұр. Олай қарап, былай қарап, болмағасын жанымдағылардан бұл кім деп сұрасам Кенан Эмирзалыоғлы ғо демей ма?! Ойбу, енді қайттік. Мен ойланып болам дегенше олар ішке кіріп кетті. Ойланып тұратын уақыт па, соңдарынан мен де періп бара жатыр ем, күзетші тоқтатты. Ыммен. Мен Кенан Эмирзалыоғлымен суретке түсейін деп едім дедім. Рұхсат бермеді. Күтуге тура келді. Түсірілім түнгі бірге дейін созылуы мүмкін екенін айтты. Қолымдағы сағат болса әбеткі екіні көрсетіп тұр, не істеймін. Айтпақшы, фотоаппаратымды бөлмеге қалдырып кеткенім есіме түсті. Асықпауға болатынын білгесін дәрігерге қаралып, аптекаға барып дәрі алып, ......, ....., одан шығып жатақханаға барып фотоаппаратымды алып, келгенімде сағат кешкі сегіз болды. Өзімше, мүмкін перерыв бар шығар, сол кезде ұстайын деп ерте келгенім. Сөйтсем түсірілім бітіпті, кетейін деп жатыр екен. Юсуф аби көрінбейді. Сосын анау саны көп, сапасы жоқ, фильмнен кейін титрды толтыратындардың біреуінен: Кенан Эмирзалыоғлы қайды деп сұрасам, ол демалып жатыр, не істейсің деді. Суретке түсейін деп едім,- деген ем, босқа шаршама, ол демалып жатыр будкада. Қабыл етпеуі мүмкін деді. Бұрылып кетіп қалатын мен ба, өтірікті шындай, шынды...ыыыы, есімде жоқ, қылып» айттым. Осылай да осылай, Қазақстаннан қыдырып келдім, бір-ақ күнге, ертең кетем. Көріп тұрып суретке түспей кетсем ұят болады. Жұрт менің көргеніме сенбейді. Бір рет жақсылық қыла саңыз абиии, не болды соншама? - деп. Сосын ол Кенанның көмекшісі Онурмен жолықтырды. Онур дегені иманжүзді бала екен. Жағдайымды дереу түсініп, жақсы, айтып көрейін деді. Сөйтіп тұрғанда Кенан Эмирзалыоғының өзі де шықты будкадан. Қолында күрешке пибі. Бері қарай келіп, техникалық жауаптылармен әңгімелесе бастаған еді, Онур мені қолымнан жетектеп апарды. Суретке түсу үшін келгенімді айтты. Ол болса дереу: What is your name? Where are you from? деп үлгерді. Мен түрікше білетінімді, Қазақстандық екенімді айттым. Қазақстаннанмын деген соң қай қаладан екенімді сұрады, Батысынан екенімді айттым. Өзінің Қазақстанға келгенін айтты. Мен, әрине, Түркістанға келгеніңізді білеміз дедім. Қай жерде оқитынымды сұрады. Айтып ем, «Башарылар, кардешім!» деп қолымды қысты. Осымен сөз тәмәм. Сол аралықта суретке де түсіп үлгердім. Менің аузыма сөз түспей қалды. Тек Алла разы болсын деуге шамам келді. Қоштасып кетіп қалдым. Елден кетерде бәрі сізге сәлем айтты десем, күлер ме еді, қайтер еді, айтпадым қысқасы.
Енді кезекте Полат Алемдар мен Гүміш бар. Бұл екі сериалды көрмегем өз басым, бірақ суретін салған еді таныстар. Танып алу қиын болмайтын шығар деп ойлаймын.

понедельник, 7 февраля 2011 г.



Түрік футболы десе алдымен еске түсетін Галатасарай клубы өздеріне 47 жылдан бері қызмет етіп, жеңіліс пен жеңістің талай көз жасы сіңген, Еуропада «Жаһаннам» деген атпен танымал Али Сами Йен стадионымен қоштасқанын бұдан бұрынғы жазбамызда жазғанбыз. Қала орталығындағы сыйымдылығы 24 мың көрермендік Сами Йеннен қала шетіндегі 52 мың адамдық жаңа стадионға көшкенінде Галатасарайлықтар бұл аумақты стадионды толтыра алар ма екен деп күдіктенгендердің қарасы мол еді. Олары бекер болып шықты. Ашылу салтанатында Аякспен ойналған матчқа билет табылмауы заңды. Онан кейінгі Сивасспорға қарсы ойналатын матчтың билеттері де сатылымға шыққан күннің ертеңінде-ақ барсақ, бітіп қалыпты. Сонымен жаңа стадионнан матч тамашалауға деген үміт үзіле бастаған шақта клуб тауарларын сататын дүкендер акция жариялап жібермесі бар ма?! Команда формасын алсаң, Галатасарай-Ескішехірспор матчының билеті тегін беріледі деп. Ести сала алғашқылардың бірі боп алдық. Ендііііііі, билет қалтадааааа, пойыз, ой кешіріңіз, матч қайда қашсын деп ақпанның жетісін күттік. Осылайша, 51999 көрерменмен бірге Галатасарайдың жаңа стадионы Түрік Телеком Аренада ойын тамашалау нәсіп болды әйтеуір. Матч басталмас бұрын стадион айналасын адақтап шықтық. Құрылысында мін жоқ. Еуропа-2016 талаптарына сай жалғыз стадион дегендері рас болды. Айтпақшы, біздің трибунамыз VIP-тің үсті болғандықтан, көтеріліп бара жатқанда Түркия ұлттық құрамасының бас бапкері Гусс Хиддинк, көмекшісі Оғыз Четин және ел чемпионы Бурсаспордың бапкері Ертұғрыл Сағламды жыға таныдық. «Соқыр көргенінен танбас» дейтін, түрік футболынан бар танитымыз солар ғана болса, қайтеміз енді?:-)
Сиясы, дәлірегі сыры кеуіп үлгермеген жаңа стадионның іші де көңілімізден шықты. Ашылғалы бері үш матч ойналса да, көріп үлгермеген жалғыз біз емес екен, талайлар аңтарылып жан-жағына қарасып жатты. Матчтың басталуына әлі бір сағат бар, суретке түсіп үлгерудеміз. Айналамыздың бәрі сары-қызыл. Галатасарайдың осы уақытқа дейінгі марштары кезекпе-кезек ойналып жатыр. Барлығының қолында бір-бір шарф, ішінара ту да кездеседі. Сермеп қойып әнге қосылып жатыр. Ысқырықтан құлақ тұнады. Жағымды, рух беретін матч атмосферасы! Айтпақшы, дүниедегі ең ұзын плакат та дәл осы ойында ілінді стадионға. 315 метрлік плакатта: «106 жылдық тарихы, әлі ешкім қайталай алмаған сансыз табысы (Түркияда әлбетте), музейінде қарсыластарынан екі есе көп медалі бар, құрылғалы түрік емес командаларды ең көп жеңген түрік клубы, елінің абырой, мақтанышы, УЕФА және Супер Кубок иесі, 1481-ден бері мәдениеттің символы, 1905-тен бері спорттың бесігі Галатасарай » деп жазылған. Иә, Галатасарайға қалай мақтанса да жарасады. Айта кету керек, бұған дейін ең ұзын плакатты Барселона жанкүйерлері ілген. Оның ұзындығы 290 метр-тұғын.
Сонымен, матч басталды.Ескішехірспор Галатасарай матчы. Аты бізде көп естілмеді демесеңіз, Ескішехірспор да оңай шағылатын жаңғақ емес-тін. Соңғы сегіз матч бойы жеңілмей, 4 матч бойы қақпасына гол кіргізбей тәп-тәуір келе жатқан беті бар еді. Бірақ арыстандар (Галатасарай символы) оған қарасын ба, «перформансының» быт-шытын шығарды. Ойын басталғаннан-ақ қарсылас қорғанысының көбесін сөгіп, алға ұмтылған Галатасарайлықтар алғашқы таймда-ақ басымдықтарын танытып, Лорик Цана (10-минут), Богдан Станку (14-минут) және Херри Кэюльдің (45-минут) голымен үзіліске кетті. Екінші таймда ширығып алған Ескішехірспорлықтар үсті-үстіне екі гол соғып (Бурхан 75-минутта, Үміт Каран 77-минутта), алаң иелерін біраз састырғанымен қуаныштары ұзаққа созылмады. 81-минутта ұлты чех Милан Барош төртінші голды соғып һәм жанкүйерді, һәм футболшыларды, һәм Хаджиді қуантты. Дәл осы күні бас бапкердің туған күні көрінеді. Осылайша аяқдопшылары Георге Хаджиге үлкен сыйлық жасады. Бір қызығы төрт голдың авторы да шеттен келген футбошылар (Лорик Цана – Албаниялық, Хэрри Кэюль – Австралиялық, Богдан Станку – Румыниялық, Милан Барош – Чехиялық). Команда капитаны Арда Тұран жарақатына байланысты жасыл алаңға шықпады. Көпшілік голды Сервет Четиннен күткен еді, болмады. Бірақ өкінетін түк те жоқ, өз сөздерімен айтсақ, «хайырлысы»...
Осылайша, тағы бір жеңіспен жаңа стадиондағы үшінші ойын да тарихқа енді. Түзету енгізейін, бұл екінші жеңіс. Ең алғашқы ойында Аякспен тең ойнаған-тұғын. Осы стадионға байланысты реклама ролиги де бар еді: Мекен ойнатар деген. Тарата а йтсақ, мағынасы – футбол ойнай алмайтын кез-келген бұл жерге келсе, еріксіз доп теуіп кетеді дегенге саяды.Рас екен. Әзірге арыстандар жаңа мекенде жеңілістің ащы дәмін тата қойған жоқ. Не дейік, ұзағынан болсын дейміз да...

четверг, 20 января 2011 г.

ҚОШ БОЛ, "АЛИ САМИ ЙЕН"!







Қазақта «Мың рет естігенше бір рет көр» деген сөз бар. Оның үстіне Түркияда өмір бақи оқымаймыз, елге оралғанға дейін сол елде аты аңызға айналған Галатасарай клубының стадионын бір көрмесек футбол жанкүйері деген атымызға сын. Міне осы ой көптен бері маза бермей жүрген еді, әйтеуір қаңтардың он бірінші жұлдызында жиырма төрт мың жанкүйермен бірге матчты Али Сами Йен стадионынан көру бақыты бұйырды. Көру бақыты бұйырды деп екпін түсіріп айтуыма негіз де жоқ емес, өйткені дәл осы күні мен түгілі, Галатасарайдың бағзыдан бері келе жатқан бірталай жанкүйерінің өзі билет таба алмай, жер сипап қалған-ды. Енді ше, Али Сами Йендегі соң матч, әр әркімнің-ақ куә болғысы келеді. Тарата айтсақ, Галатасарай клубына 1964 жылдың 20-желтоқсанынан бермен қарай қызмет етіп келе жатқан, команданың іргетасын қалаушы Али Сами Йеннің атын иемденген бұл стадион жабылып, «Арыстандар» сыйымдылығы елу екі мың жанкүйер, Еуропа-2016 талаптарына сай су жаңа «Түрік Телеком Арена» стадионына көшкелі жатқан-тұғын. «Арыстан» дегеннен шығады, Түркияда әр команданы белгілі бір аңға немесе құсқа теңейді. Міне осы метафоралар олардың екінші аты болып қалыптасқан. Мәселен, Галатасарайды «Арыстан», Бешікташты «Бүркіт», Фенербахчені «Канарейка», Бурсаспорды «Қолтырауын», Трабзонспорды «Анчоус» (балық түрі), Аданаспорды «Торос(тау аты) Жолбарысы» дейді. Газет бетінде де команда жайындағы мақала тақырыптары көбінде аталмыш аттармен беріледі. Мәселен, Галатасарайдағы үсті-үстіне келген жеңілістен кейін голландиялық бапкер Франк Райкард орнынан кетіп, Георге Хаджи келгенде, ұмытпасам «Заман» газетінен «Жаралы арыстанға Хаджидің қолы тиді» деген мақала тақырыбын оқығаным бар. Немесе Бешікташ жеңілісінен кейін «Бүркіт қарсыласына тырнағын батыра алмады», «Бүркіттің қауқары қайта бастады» сыңайындағы мақала аттарын ұшыратуға болады. Мұнан бөлек, Барселонаны блауграна дейтін секілді Галатасарайды – «Сары-қызылдар» (Сары-қырмызы), Фенербахчені – «Сары-қою көктер» (Сары-Ладжыверт), Трабзонспорды – «Күреңқызыл-көгілдірлер» (Бордо-мави) деп атау да кең тараған. Бұған қоса, Галатасарайдың Джим Бом дейтін қосалқы аты тағы бар. 1940-тардан бермен қарай келе жатқан бұл ат еуропалықтардың өз тілдеріне икемдеп шығарған атауы болып шықты. Сонымен, Джим Бом дейсіз бе, әлде Сары-қызылдар, қаласаңыз «Арыстан»....қысқасы, Галатасарай Зираат Кубогының кезекті матчын өз алаңында өткізіп, өздеріне қырық жеті жыл қызмет көрсетіп, ащы жеңіліс, тәтті жеңісіне ортақ болған, қуаныштың, өкініштің көз жасы сіңген, Хакан Шүкір, Хасан Шаш, Окан Бурук, Бүлент Қорқмаз сынды түрік футболының көзі тірі аңыздары атой салған Али Сами Йен стадионымен қош айтысты. Бейпазары Шекерспормен ойналған матч та «Али Сами Йенмен» қоштасуға әбден жарасатын нәтижемен тәмамдалды: 3-1. Алғашқы голды Түркияның ұлттық құрамасындай ойнайтын, бойының ұзындығымен ерекшеленетін Сервет Четин соқса, екінші голдың авторы команда капитаны Арда Тұран. Үшінші гол команданың су жаңа мүшесі, Фенербахчеден ауысқан, ауысуы талай-талай әңгімеге арқау болған Колин Казимнан келді. Матч бітісімен белгілі журналист, тележүргізуші, «Футбол дегеніміз – өмірдің өзі» секілді бірнеше кітаптың авторы Али Кырджа «Али Сами Йенмен» қоштасу хатын оқып, һәм аяқдопшыларды, һәм жанкүйерді толқытты. Алдымыздағы экраннан капитан Арда Тұранның, Хаджидің және бас бапкер көмекшісі Тугай Керімоғлының көзіне жас алғанын көрдік. Мұнан бөлек, сол жердегі жиырма төрт мыңның әрқайсысы ішінен жылап тұрғаны анық еді. Али Кырджаның хатынан кейін «Али Сами Йенмен қоштасу» әні қосылып, жарықтардың бірте-бірте сөне бастағаны Али Сами Йенде бұдан былай матч ойналмайтынын, бұдан кейін тек сағынышпен еске алынатынын сездіріп, көңілді онан әрмен босататын сәттер еді...
Дәл сол тарихи күнде, кез-келгеннің уысына түспейтін сәттің куәсі бола алғаным үшін өзімді бақытты сезіндім. Бұдан былай бұзылып, орнына сауда орталығы салынатын стадионның атын тек тарихтан ғана оқитын боламыз.
Сол матч үшін билет қалмай, клубтың айналасындағы ықпалды біреулерді салып жүріп, VIP-тен бір дөкейге берілген шақыру билетін аттай қалап төл ақшамызбен жиырма бес мың көк қағазға сатып алғанымды ақымақтыққа балағандар бар. Ал менің еш ішім күймеді. Есесіне қандай сәттердің куәсі болдым десеңші...