пятница, 25 февраля 2011 г.

четверг, 24 февраля 2011 г.

Ақыры ашылдым ғой, соңына дейін ашылайын деген ба?:-) Бір сериалға түскенімді айтайын деп жатырмын. Бір күні Әзім деген таныс бар еді (Азим ғой шын аты, қазақшалағандағым), сол звондап, сериалға түсесің бе?-дейді. Өзі Мимар Синан Көркем Өнер университетінің түлегі, ТРТ-да бір қызметкер, нақты қандай қызмет екенін итім білсін. Сол, қасыңа бір қыз, екі жігіт алып, келші ертең пробаға дейді. Содан, жаныма бір қазақ қыз, екі қырғыз жігіт алып бардым ертесіне. Қандай рөл деп сұрамай жатып келісім бергенсің ғой, келсек, босқынның рөлін ойнайсыңдар дейді. Бірақ, әлгі үшеуінің бағы бар екен, пробадан өтпей қалды. Тым сұлусыңдар дейді, босқын рөлі үшін. Мені алып қалды, кішкене лайығырақсың деп. Босқын рөліне лайықсың деп. Күлесің бе, жылайсың ба?:-)
Мен алғашында біраз нетіп едім, артынан келістім. Сериалға да бір көрейік түсіп дегенім ғо. Журналистік қызығушылық-тағы. Сонымен, ертесіне сағат он бірде осы жерде бол деді. Қала сыртындағы Тұзла деген жерде түсіреді-мыс. Шашыңды жума, тарама, макияж жасама, мүмкіндігіңше мыстан кемпірге ұқсап кел деді. Кешкісін звондап, көнетоз, кір, қыртыс көйлегің бар болса киіп келші, саған көйлек таба алмай жатырмыз деді. Ондай көйлек қайдан болсын. Сонда да бір Мангодан атам заманда алған, кезінде өзім жақсы көретін көйлек бар еді, бір күні шаш бояғанда бояу жағылып, кияюге келмей қалған-тұғын. Уборщицаларға берермін деп бір жерге тастағам, сол әжетке жарады. Тауып алып он бүктеп қойдым. Қыртыстансын деп. Таңертең тұрып байқамай шашымды жуып қойыппын. Шартсыз рефлекс. Болмайтын болды. Енді не істеймін. Тым құрыса формасы бұзылып, он бірге дейін жапырайсын деп орамал тағып алдым. Макияж жасау әуелден күнделікті графигімде жоқ-тұғын. Бірақ басыма бір идея келді. Көзімді боядым, сосын сүрттім. Сүрткенде ол жағылып, көзімді біреу қолмен ұрып ісіргендей болды да шықты. Сөйтіп, онда жатақханадан шықтым. Таныстар маған не болғанын сұрайды. Ештеңе, кеше есіктің тұтқасына екі көзімді ұрып алдым дей салдым. Қалжың әрине. Ештеңе деп жауап беруден қашқақтадым. Автобуста да бәрі маған аянышпен қарайды. Түріме. Қайта көйлекті көрген жоқ. Ұзын куртканың ішінде еді-тін. Ойларын көздерінен оқып тұрмын. Он бірде межелеген жерге жеттім. Азим мені көріп бас бармағын көрсетті. Рөлге дәл келіп тұрсың дегені.
Жан-жағыма қарасам өңшең сақалы өсіп кеткен, шашы өсіп кеткен, нағыз «босқындар» тұр. Менің түрім ойыншық болып қалды. Айтпақшы, әлгі екі қырғызды сақалдарың жоқ деп қайтарған-тұғын. Дұрыс бопты. Және бір-екі негр қыз, бес-алты негр бала, бір араб бар. Ал жаңағы сақалдылар Түркияда жұмыс істейтін өзбектер екен. Жұмыс істейтін өзбектер дегенге құрылысшылар екен деп ойлап қалмаңдар,әжептәуір қызметтері бар көрінеді. Тек сақалды сүннет болғасын өсіріпті, намаз оқиды екен да. Негрлер мен сияқты студенттер екен. Бірақ ішінде біреуі ғана түрікше біледі екен.
Сонымен, түсірілім алаңына келдік. Полисайлар толып кетіпті. Мыналар не қаптап жүр десем, олар полисай болып ойнап жүргендер екен. Сценарий бойынша біз суық контейнердің ішінде бір-бір одеало жамылып отырамыз бүкіл босқындар. Бетіміз де жабық. Сосын біздің контейнерге бір байдың әйелін шешесімен, баласымен әкеп кіргізеді. Адам сатуға апара жата ма, сондай. Олардың даусын естіп біз одеалды бетімізден түсіреміз. Негрлерді көріп олар шошып кетеді (Осы жері қатты күлкілі еді, қайта-қайта түсірді). Олар бізді турист деп ойлайды, ішіміздегі араб босқын екенімізді айтады. Олар жылайды. Бір кезде бай әйелдің анасы ауырып қалады. Ауа жетпей. Барлығымыз аяқкиім, қол, жанымызда не бар, соның бәрімен контейнер қабырғасын ұрамыз. Тоқтасын деп. Бір жерге келгенде ол контейнер тоқтайды, біз екі метр биіктіктен жерге секіреміз. Ұстай алғанын полиция ұстайды, ұсталмағаны секіріп қашады. Бар болғаны осы. Бірақ не керек, осыны түскі екіден түнгі екіге дейін түсірдік. Әсірелеген жоқпын, рас айтам.
Түріктер сериалдың бір апталық сериасын түсіріп эфирге шыға береді. Бұл сериялары да келесі аптада жарияланды. Өкініштісі мен өзімді көре алмадым. Дәл сол сағатта маңызды бір матч бар еді. Матч пен сериал дегенде таңдау қайсысына түсетіні белгілі ғо.
Жазғанға қызық болмағанымен түсірілімнің тұла бойы қызыққа толы болды. Міне, менің ең алғашқы әртістік экспериментім.

вторник, 22 февраля 2011 г.


Ол кезде біз орта мектептің жетіншіііі, жоқ сегізіншііііі... әлде тоғызыншы сыныбында ма, оқитын едік. Ауылдағы мал жайлау мен қонаққа барудан басқа шаруасы жоқ кемпір-сампыр, шал-шауқанын қойып, жалғыз көзі ашық жұрт саналатын мұғалімдерін де телебізірдің алдына телмірткен «Асау жүрек» бәріңіздің естеріңізде шығар. Біз сияқты ши борбайлар мен жалбыр шаштар екі бастан... Кешкі алты болса «Юсуф» көреміз деп экзаменнің консультациясына бармай қоятынбыз. Бәрінің аузында «Юсуф», «Юсуф» емес-ау, «Есуф». Үлкендер жағы «Жүсіп» десетін. Сосын «Торғай». Әсіресе Сабридің «Пашаааа!» дейтінін, Торғайдың Амантай қажы құсап қырылдайтынын балалар айнытпай салатын. Айтпақшы, Құсшы бар екен ғо, Құсшы. Көгершіндерімеееен отыратын ше. Сол кейіпкер кеееерім ұнайтын маған. «Юсуф» ылғи жаны қиналғанда соған кеп жүгінеді емес па?! Сондағы Құсшының сөздерін айтшиш. Мықты.
Ауылда жалғыз менің папам ғана «Караван» алатын. Бір күні әлгі «Караванға» «Юсуф» шығыпты, тізесін құшақтап отырған суретімен. Астында автобиографиясы қысқаша. Математик екен. Бойдақ екен. Ал патнершасы Зейнеп күйеуінен ажырасқан екен. Түсінгеніміз сол-ақ болды. Сосын ол «Караван» бүткіл ауылды аралап кетті. Бес-алты күннен кейін жұлым-жұлымы шығып қайтып келген «Караванды» әпкем Гауһар чемоданына салып қойғаны есімде.
Сол, сүйтіп ауылды біраз, біраз емес-ау, кәдімгідей дүрліктірген Юсуф-Кенан Әмірзалыұлыны бетпе-бет кездестірем деп ойлаған жоқ едім еш. Әрине, оқуға кетіп бара жатқанда бәрі, бір мен солардың тап жанына кетіп бара жатқандай, «Полат Алемдарға сәлем айт», «Юсуфке сәлем айт», «Гүмішке сәлем айт» деп құшақ-құшақ сәлемдерін тапсырып жіберген-тұғын. Күлгенмін де қойғанмын. Сөйтсем, «Тау мен тау кездеспесе де адам мен адам кездеседі» екен ғо. Каникул болғасын универ жаққа ат ізін салғым келмейтін. Баратын кітапханасы да жоқ, несіне барасың. Сөйтіп жүргенде ғайыптан тайып ауырып, біздің факультеттің қасындағы ауруханаға бара қалдым. Біздің ауруханадан бөлек, крутой, жекеменшік аурухана бар еді жанында. Сол жерде «Езел» дейтін сериалдың түсірілімі болып жатыр екен. Асай-мүсейімен шауып жүрген оператор- моператорлардың жанында бойы екі метр, түрі таныс біреу тұр. Олай қарап, былай қарап, болмағасын жанымдағылардан бұл кім деп сұрасам Кенан Эмирзалыоғлы ғо демей ма?! Ойбу, енді қайттік. Мен ойланып болам дегенше олар ішке кіріп кетті. Ойланып тұратын уақыт па, соңдарынан мен де періп бара жатыр ем, күзетші тоқтатты. Ыммен. Мен Кенан Эмирзалыоғлымен суретке түсейін деп едім дедім. Рұхсат бермеді. Күтуге тура келді. Түсірілім түнгі бірге дейін созылуы мүмкін екенін айтты. Қолымдағы сағат болса әбеткі екіні көрсетіп тұр, не істеймін. Айтпақшы, фотоаппаратымды бөлмеге қалдырып кеткенім есіме түсті. Асықпауға болатынын білгесін дәрігерге қаралып, аптекаға барып дәрі алып, ......, ....., одан шығып жатақханаға барып фотоаппаратымды алып, келгенімде сағат кешкі сегіз болды. Өзімше, мүмкін перерыв бар шығар, сол кезде ұстайын деп ерте келгенім. Сөйтсем түсірілім бітіпті, кетейін деп жатыр екен. Юсуф аби көрінбейді. Сосын анау саны көп, сапасы жоқ, фильмнен кейін титрды толтыратындардың біреуінен: Кенан Эмирзалыоғлы қайды деп сұрасам, ол демалып жатыр, не істейсің деді. Суретке түсейін деп едім,- деген ем, босқа шаршама, ол демалып жатыр будкада. Қабыл етпеуі мүмкін деді. Бұрылып кетіп қалатын мен ба, өтірікті шындай, шынды...ыыыы, есімде жоқ, қылып» айттым. Осылай да осылай, Қазақстаннан қыдырып келдім, бір-ақ күнге, ертең кетем. Көріп тұрып суретке түспей кетсем ұят болады. Жұрт менің көргеніме сенбейді. Бір рет жақсылық қыла саңыз абиии, не болды соншама? - деп. Сосын ол Кенанның көмекшісі Онурмен жолықтырды. Онур дегені иманжүзді бала екен. Жағдайымды дереу түсініп, жақсы, айтып көрейін деді. Сөйтіп тұрғанда Кенан Эмирзалыоғының өзі де шықты будкадан. Қолында күрешке пибі. Бері қарай келіп, техникалық жауаптылармен әңгімелесе бастаған еді, Онур мені қолымнан жетектеп апарды. Суретке түсу үшін келгенімді айтты. Ол болса дереу: What is your name? Where are you from? деп үлгерді. Мен түрікше білетінімді, Қазақстандық екенімді айттым. Қазақстаннанмын деген соң қай қаладан екенімді сұрады, Батысынан екенімді айттым. Өзінің Қазақстанға келгенін айтты. Мен, әрине, Түркістанға келгеніңізді білеміз дедім. Қай жерде оқитынымды сұрады. Айтып ем, «Башарылар, кардешім!» деп қолымды қысты. Осымен сөз тәмәм. Сол аралықта суретке де түсіп үлгердім. Менің аузыма сөз түспей қалды. Тек Алла разы болсын деуге шамам келді. Қоштасып кетіп қалдым. Елден кетерде бәрі сізге сәлем айтты десем, күлер ме еді, қайтер еді, айтпадым қысқасы.
Енді кезекте Полат Алемдар мен Гүміш бар. Бұл екі сериалды көрмегем өз басым, бірақ суретін салған еді таныстар. Танып алу қиын болмайтын шығар деп ойлаймын.

понедельник, 7 февраля 2011 г.



Түрік футболы десе алдымен еске түсетін Галатасарай клубы өздеріне 47 жылдан бері қызмет етіп, жеңіліс пен жеңістің талай көз жасы сіңген, Еуропада «Жаһаннам» деген атпен танымал Али Сами Йен стадионымен қоштасқанын бұдан бұрынғы жазбамызда жазғанбыз. Қала орталығындағы сыйымдылығы 24 мың көрермендік Сами Йеннен қала шетіндегі 52 мың адамдық жаңа стадионға көшкенінде Галатасарайлықтар бұл аумақты стадионды толтыра алар ма екен деп күдіктенгендердің қарасы мол еді. Олары бекер болып шықты. Ашылу салтанатында Аякспен ойналған матчқа билет табылмауы заңды. Онан кейінгі Сивасспорға қарсы ойналатын матчтың билеттері де сатылымға шыққан күннің ертеңінде-ақ барсақ, бітіп қалыпты. Сонымен жаңа стадионнан матч тамашалауға деген үміт үзіле бастаған шақта клуб тауарларын сататын дүкендер акция жариялап жібермесі бар ма?! Команда формасын алсаң, Галатасарай-Ескішехірспор матчының билеті тегін беріледі деп. Ести сала алғашқылардың бірі боп алдық. Ендііііііі, билет қалтадааааа, пойыз, ой кешіріңіз, матч қайда қашсын деп ақпанның жетісін күттік. Осылайша, 51999 көрерменмен бірге Галатасарайдың жаңа стадионы Түрік Телеком Аренада ойын тамашалау нәсіп болды әйтеуір. Матч басталмас бұрын стадион айналасын адақтап шықтық. Құрылысында мін жоқ. Еуропа-2016 талаптарына сай жалғыз стадион дегендері рас болды. Айтпақшы, біздің трибунамыз VIP-тің үсті болғандықтан, көтеріліп бара жатқанда Түркия ұлттық құрамасының бас бапкері Гусс Хиддинк, көмекшісі Оғыз Четин және ел чемпионы Бурсаспордың бапкері Ертұғрыл Сағламды жыға таныдық. «Соқыр көргенінен танбас» дейтін, түрік футболынан бар танитымыз солар ғана болса, қайтеміз енді?:-)
Сиясы, дәлірегі сыры кеуіп үлгермеген жаңа стадионның іші де көңілімізден шықты. Ашылғалы бері үш матч ойналса да, көріп үлгермеген жалғыз біз емес екен, талайлар аңтарылып жан-жағына қарасып жатты. Матчтың басталуына әлі бір сағат бар, суретке түсіп үлгерудеміз. Айналамыздың бәрі сары-қызыл. Галатасарайдың осы уақытқа дейінгі марштары кезекпе-кезек ойналып жатыр. Барлығының қолында бір-бір шарф, ішінара ту да кездеседі. Сермеп қойып әнге қосылып жатыр. Ысқырықтан құлақ тұнады. Жағымды, рух беретін матч атмосферасы! Айтпақшы, дүниедегі ең ұзын плакат та дәл осы ойында ілінді стадионға. 315 метрлік плакатта: «106 жылдық тарихы, әлі ешкім қайталай алмаған сансыз табысы (Түркияда әлбетте), музейінде қарсыластарынан екі есе көп медалі бар, құрылғалы түрік емес командаларды ең көп жеңген түрік клубы, елінің абырой, мақтанышы, УЕФА және Супер Кубок иесі, 1481-ден бері мәдениеттің символы, 1905-тен бері спорттың бесігі Галатасарай » деп жазылған. Иә, Галатасарайға қалай мақтанса да жарасады. Айта кету керек, бұған дейін ең ұзын плакатты Барселона жанкүйерлері ілген. Оның ұзындығы 290 метр-тұғын.
Сонымен, матч басталды.Ескішехірспор Галатасарай матчы. Аты бізде көп естілмеді демесеңіз, Ескішехірспор да оңай шағылатын жаңғақ емес-тін. Соңғы сегіз матч бойы жеңілмей, 4 матч бойы қақпасына гол кіргізбей тәп-тәуір келе жатқан беті бар еді. Бірақ арыстандар (Галатасарай символы) оған қарасын ба, «перформансының» быт-шытын шығарды. Ойын басталғаннан-ақ қарсылас қорғанысының көбесін сөгіп, алға ұмтылған Галатасарайлықтар алғашқы таймда-ақ басымдықтарын танытып, Лорик Цана (10-минут), Богдан Станку (14-минут) және Херри Кэюльдің (45-минут) голымен үзіліске кетті. Екінші таймда ширығып алған Ескішехірспорлықтар үсті-үстіне екі гол соғып (Бурхан 75-минутта, Үміт Каран 77-минутта), алаң иелерін біраз састырғанымен қуаныштары ұзаққа созылмады. 81-минутта ұлты чех Милан Барош төртінші голды соғып һәм жанкүйерді, һәм футболшыларды, һәм Хаджиді қуантты. Дәл осы күні бас бапкердің туған күні көрінеді. Осылайша аяқдопшылары Георге Хаджиге үлкен сыйлық жасады. Бір қызығы төрт голдың авторы да шеттен келген футбошылар (Лорик Цана – Албаниялық, Хэрри Кэюль – Австралиялық, Богдан Станку – Румыниялық, Милан Барош – Чехиялық). Команда капитаны Арда Тұран жарақатына байланысты жасыл алаңға шықпады. Көпшілік голды Сервет Четиннен күткен еді, болмады. Бірақ өкінетін түк те жоқ, өз сөздерімен айтсақ, «хайырлысы»...
Осылайша, тағы бір жеңіспен жаңа стадиондағы үшінші ойын да тарихқа енді. Түзету енгізейін, бұл екінші жеңіс. Ең алғашқы ойында Аякспен тең ойнаған-тұғын. Осы стадионға байланысты реклама ролиги де бар еді: Мекен ойнатар деген. Тарата а йтсақ, мағынасы – футбол ойнай алмайтын кез-келген бұл жерге келсе, еріксіз доп теуіп кетеді дегенге саяды.Рас екен. Әзірге арыстандар жаңа мекенде жеңілістің ащы дәмін тата қойған жоқ. Не дейік, ұзағынан болсын дейміз да...