воскресенье, 16 мая 2010 г.

Есейіп кетсек те, біз саған сәбиміз...

...Еееең алғаш өлең шығарғаным тұп-тура бүгінгідей көз алдымда। 4-сыныпта едім। Ана тілінен Бердібек Соқпақбаевтың «Ағаштар неге ашуланды?» дейтұғын әңгімесі бойынша ашық сабақ өткізілетін болды да, Гүлжан апайымыз үйге көктем туралы тақпақ жазып келіңдер деп тапсырма берген еді। Пәлендей қиналғаным жоқ, лезде екі шумақ өлең жазып тастадым. Ішіме сыймай дереу үйдегі жиен әпкем, біздің мектепте ағылшын тілінен сабақ беретін Римма апайыма көрсеттім. Ол өзімнің шығарғаныма пәлендей сене қоймаған болуы керек, көңілімді жықпайын деп, жақсы екен дей салды. Мұнан кейін әкемнің жұмыстан келуін күтейін. Әкем табалдырықтан аттар аттамастан жаңалығыммен бөлісіп үлгердім. Әкем болса, өз жасыма лайық, төрт аяғын тең басқан тақпақты көріп, риясыз қуанды. Мақтады. Ертесі күні өткен ашық сабақта мектеп директоры, оқу ісінің орынбасарынан мақтау естігенімде төбем көкке екі елі жетпей қойған еді. (Өкініштісі сол, өлеңімнің мәтінін еске түсіре алмадым). Бұл оқиға, әрине, жиен әпкемнің де, оқу ісінің орынбасары Салтанат апайымның да есінен сол күні-ақ шығып кеткені анық. Ең аяғы әкемнің де бұл күнді ұмытып кеткеніне дауым жоқ. Алайда менің балаң көңілімде осыншалық із қалдырған бұл күн үшін еңбегі сіңген екі нәрсе бар болса, біреуі «Ұлан», егер біреу болса, ол да сөзсіз «Ұлан» газеті еді. «Ұлан» газетімен таныстығым хат танымай тұрып басталса, достығым әріп танығаннан бері жалғасып келе жатыр. Олай дейтінім, мен мектепке бармай тұрғанда-ақ атамның үйіндегі ересектер жаздырып алып оқитын-ды. Хат танымайтын мен суретін көргенді қанағат тұтушы ем. 42 әріпті танып біткен соң-ақ бұрын құпия болып келген формулалардың сыры ашылып кеткендей, «Ұлан» бетіндегі жазулар да маған жылыұшырай бастады. Бір қызығы, мен әуелі өзге балалардай «Балдырғанмен» дос бола қойғам жоқ, «құласаң, нардан құла» дегендей, дереу ересектер газетімен сауатымды аштым. Осылайша «Ұлан» мені сырға толы қызықты әлеміне тартып әкетті. Ішінен іздегенің табылатын әмбебап оқулық біздің жеке дүниемізді байытқаны сонша, мектеп оқулықтарын місе тұтпайтын болдық. Оқу жылының басында берілетін ана тілі, онан кейінгі сыныптардағы әдебиет кітаптарын алғашқы үш-төрт күнде түгесіп тастап, онан кейін апта сайын «Ұланды» зарыға күтетінбіз. Ұмытпасам, сегізінші сыныпта болу керек «Ұланға» арнап мынадай өлең шумақтарын жазғаным бар:
Бала кезден желпілдеген тұлымым,
Өзіңменен бірге менің ғұмырым.
Тағылымы мол беттеріңді ақтарып,
Маржан сөзін жаттап өстім ұлының
Әр сөзіңнен мол ғибрат аламын.
Саған құмар елімізде бала мың.
Бағыт берер ақылшымыз сен ғана
Жеке дара пырағындай даланың.
Осылай ең алғаш «Ұланға» хат жолдағаным есімде. Алайда шалғайдағы ауылдың пошта жүйесіндегі ақсақтықтардың кесірі ме, әлде басқа бір себеп болды ма, хатым газет бетінде жарық көрмеді. Менің «Ұланға» хат жолдауымның алды-арты осы болды. Бірақ баяғысынша, қайталанбайтын тартуларымен ой-өрісімді кеңейте беретін-ді.
Оныншы сыныпта үлкен шаһарға оқуға келдім. Елден кетерде «Барған соң ең алдымен міндетті түрде «Ұланның» редакциясына барам» деп тастүйін дайындалған ем, алайда ауылдан енді ғана шыққандығым бар, ұялшақтығым бар, жүрексініп бармай қойдым. Шаһар мектебінде оқыған ең алғашқы екі айым «Ұлансыз» өтті. Газет дүңгіршектерінде сатылмайды, мектеп кітапханасында да жоқ болып шықты. Уақтылы дозасын ала алмаған аурудай сіркем су көтермей, әрі-сәрі күй кешіп жүріп, оның да амалын таптым. Мектебіміздің жанында нөмірі он жетінші кітапхана бар екен. Ішіндегі кітапханашылар да жылы жүзді, оқырман қабылдауға құлшынысты адамдар көрінді. Екі күн тапжылмай отырып қыркүйек-қазандағы нөмірлерін түгесіп шықтым. Әупіріммен қалған төрт айды өткізіп, сонан соң қайтадан жазылдым-ау әйтеуір. Жанымдағылар «Сен ендігі ересек болдың емес пе? Анау «Жас Алаштарды» оқымаймысың?» деп ақыл айтып қояды. «Ұланның» жас талғамайтынын олар қайдан білсін.
«Ұланның» редакциясын көрсем-ау деген ой қайта қылаң бере бастаған шақта мектебімізде Абай оқулары өтіп, соған «Ұланның» бас редакторы Сұлтан Қали ата қазылыққа келді. Сол кісіге өлеңдерімді көрсетіп, батасын алған соң «Ұланның» редакциясына жиі-жиі соғып тұратын болдым. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме, Сұлтан ата менің өлең жазуды игеруіме өлшеусіз еңбек сіңірді. Ұйқастары әлтек-тәлтек, мағынасы солғындау өлеңдерім Сұлтан ата бір оқып шығып, кеңесін берген соң дереу ширап, төрт аяғын тең басып шыға келетін. Ол кісі өзі өңдемейтін-ді, қателерімді айта отырып, өзіме қайтадан жаздыратын. Арзан, жаттанды ұйқастардан арылып, тың ұйқас іздеу әдетін осы Сұлтан ағай қалыптастырды менде.
«Ұлан» газеті жас тілшілерінің бір-бірімен хат алмасып, достасып, фестивальдерде немесе он бір бітіріп, оқуға келгенде көрісіп жататыны да бір ғанибет қой. Менің өзім ешқайсысымен хат алысып көрмесем де, оқуға келгенде танысып, кейбіреуімен жақын дос болып кеттім. Бұл да «Ұланның» арқасы.
Айта берсем «Ұланның» менің өмірімде ұлағаты шексіз. Түптеп келгенде қазір Түркияда оқуыма да «Ұланның» септігі тиді-ау деп батыл айта аламын. Біздің ішкі дүниемізді байытып, айдындатпаса, біз осынша биікке көтеріле алар ма едік?!
Қазір өзім араласатын Стамбул Университеті журналистика бөліміндегі студенттердің көпшілігі біз кешкен сезімді бастан өткермегенге ұқсайды. Зерттедім, бұлардағы ешбір газет бізге «Ұланның» бергенін бере алмапты. Ешбірі біз құсап орта мектепте оқығанда балалар газетінен хат күтпепті. Немес апталық газеттің жарыққа шығуын сарыла тоспапты. Біздің балалық – ең таза, ең мөлдір, ең пәк балалық. «Есейіп кетсек те, біз саған әлі сәбиміз, «Ұланым»!
Ширек ғасырдың астамын жасаған «Ұланымның» ұлағаты ғасырларға жалғаса берсін деп тілеймін!