понедельник, 25 октября 2010 г.

Түркияда тұңғыш рет университеттердің академиялық жетістігі бойынша рейтингі шығарылды. Анкара қаласындағы Орта Шығыс Техникалық Университетінде жеті бұрынғы ректордың қатысуымен шығарылған рейтингте 125 университеттің ішінен бірінші орынға Хаджеттепе Университеті(Анкара қаласы) шықты. Сондай-ақ екінші орынға Орта Шығыс Техникалық Университеті(Анкара) лайық көрілді. Одан кейінгі орындарға Анкара(Анкара қаласы) және Стамбұл(Стамбұл қаласы) университеттері жайғасты. Стамбұл қаласындағы мақтаулы Бұғазіші, Стамбұл Техникалық Университеті және Йыздыз Техникалық Университеттерін көре алмадық.






Бүгін Ыстамбұлдағы бір жылымның ыстық-суығын, ащы-тәттісін бірге бөліскен құрбым Айнұрды Қазақстанға шығарып салдым.
Жат жер дегенмен Түркияда жалғызсырай қоймайтыныңа бәс тіге алам. Ыстамбұлдың өзінде оқитын қазақ студенттерінің нақты санын білмесем де, біздің жатақхана қазақ студенттеріне кенде емес. Құдай сақтасын, қазақтарды көпсініп жатқаным емес бірақ бұл. Солардың ішінен келгеннен-ақ жылы шырай танытқан, дос, бауыр, әпке, сіңлі…қысқасы қарым-қатынасымызды ешбір статусқа сыйғыза алмайтын жақыным Айнұрды шығарып салу оңайға соқпады...
...Ішім алай-дүлей...Әуежайдан келіп, Айнұрдың бөлмесіндегі заттарды алуға барғанда бос тұрған төсегін көріп көңілім онан әрмен құлазыды. Өзімді ұстау қиын еді...
Өз бөлмеме келдім. Бөлмелес түрік қызы мендегі өзгерісті байқап, себебін сұрады. Жауап берер халде емес ем. Өз-өзіме келген соң мән-жайды түсіндірдім. Ол болса таң қалды: Манадан бері ағыл-тегіл болуынның себебі сол-ақ па, мен үй ішіңе бірдеңе болды ма деп...(Құдай оның бетін ары қылсын).
...(!)Тегінде, шын достықтың, бауырмалдықтың, сыйластықтың қадірін түсінбейтіндер солай ойлайтын болса керек.
Дос деген адамға жүрегін суырып беретін ақкөңіл, адал, ішіңдегіні айтқызбай білетін сезімтал жақын адамымнан осылайша бір жыл қашықтауға тура келді.
...Ендігі жылғы қыркүйекке дейін көңілімдегі, санамдағы ақжарқын досымның орнын ешкім алмастыра алмайтын шығар, сірә. Алмастырғанын өзім де қаламас ем...

воскресенье, 17 октября 2010 г.


Қазір екі нәрсеге жұрт елең етпейтін болып алды. Бірі — тіл мәселесі, екіншісі — соңғы буын әншілері атына айтылған сын. Бұл екі тақырып баспасөз бетінде көтеріле-көтеріле жауыр да болды.
Тіл туралы айта бастасаң жұрт құлағын басып қаша жөнеледі. Ал әншілердің «әдебі» қазір әдетке айналып барады. Ешкімге бұдан былай оғаш көрінбейтін боп алды. Даусы жоқтардың сахнаға шығуы бұрын ұят секілді еді, қазір заңдылық. Ешкім таң қалып жатқан жоқ. Бұрын мағынасыз әндер айтылғанда түрпідей тиюші еді құлаққа, қазір құлақ жазған да оған үйренді.Әншілеріміздің интеллектуалдық деңгейі төмен дегенде біразы байбалам салып еді. Қазір өздері де мұны мойындағандай жағдайы бар. Енді, көрініп тұрған нәрсені қалай жасырсын?! Қолдарына айлап, жылдап кітап алмайтын ол пақырларыңнан ұнататын ақының десе Абайды, жазушың десе Әуезовты ғана есіне түсіре алатынына сенімім кәміл. Абай мен Әуезовты қомсынып отырғаным жоқ әрине, тек «өнер иелері» бастауыштың баласына дейін білетін ғұламаларымыздан басқасын танымай, деңгейі кемшін түсіп жататынын айтам да. Деңгейі кемшін түсіп жатады дегенді де негізсіз айтып отырғаным жоқ. Олай дейтінім, әлгі Еларнадан берілетін «Сүйінші» бағдарламасында көп әншілеріміздің IQ дегеннің не екенін білмей, кейбіреуіне бір жерден естіген сөз сияқтанып, бірақ естеріне түсіре алмай, сасқалақтағанын көргенде жерге кіріп кете жаздайсың. Сөз саптаулары да бесінші сыныптың баласынікіндей, сөздік қорлары жұтаң, ойлары таяз. Эфирге келіп берген жиырма минуттық сұхбатының ішінен сөлін сығып алар болсаң, екі минутқа жетер, я жетпес. Осындайда өткен жылы өзім куә болған Ыстамбұлдағы дәстүрлі түрікше олимпиаданың гала концертіне келіп сөз сөйлеген түрік әншісі Сердар Ортачтың аз сөзін тап-тұйнақтай да шебер жеткізе білгені еріксіз сүйсінтеді екен.
Әрине, жас буын әншілерінің барлығы мұндай деп қара күйе жаға салудан аулақпын. Іштерінде салиқалы сөз айта білетін, соңғы уақытта бес уақыт намазға жығылып, парыздарын қал-қадарынша атқарып жүргені де бар. Бірақ аз.
Бұлай ашынуға ненің себеп болғанын да айта кетейін, жазғы демалыс айларында Ақтөбенің шалғай аудандарында көрсететін екі-үш-ақ қазақстандық арнаны ауыстырып жатып, «Еларнадан» Толқын Забированың концертін көзім шалды. Толқын әпкеміз сол концертте «Қамажайды» қазақы көйлекпен емес, костюм шалбармен орындап шықты-ау! Мұндайды кім көрген! Жолай кіріп, бір-екі ән орындап шыға салатын той емес, өзінің жеке концертіне, үлкен дайындықпен келген әпкеміздің дәл бұлай әнді, дәлірегі сахнаны қорлауына жол болсын. Басқа басқа, халық әнінде қазақы киім киіп шығу әнші әпкеміздің ойына келмесін, жанында стилист, дизайнер, кеңесші дегендері болмаушы ма еді? Тым құрыса солардың бірі ләм демегені ме?! Толқын әпкеміздің дәл мұнысы ұят болды. Сахнада отырған қанша адам мұна наразылық білдіре алды екен. Әлде Айлин, Кеш you, Tequilla, Дауыс International дегендердің лыпамен ғана шыққанына үйреніп қалған басымызға мұнысы жабық киім болған соң пәлендей ерсі көрінбеді ме екен?
«Қайран сөзім қор болған, Тобықтының езіне». Мүмкін жанашыр аға әпкелер әншілерге мұны ұқтырып-ақ жатыр. Тек мұны құйып алатын құлақ болсайшы. Әй, біздің әншілерге қарата айтылған сын «баяғы жартас сол жартас, қаңқ етер түкті байқамас» боп, жаңғырып өздеріне қайтып кеп жатыр-ау...

среда, 13 октября 2010 г.

Арда жақын күндері жасыл алаңға оралады.


Түркияның арда аяқдопшысы, Галатасарай капитаны Арда Тұран жарақаты салдарынынан төрт айға дейін жасыл алаңға шықпайды деген ақпарат тарағанда онсыз да еселері кетіп, жеңілістен есеңгіреп жүрген Түрік құрамасы мен жанкүйерлерінің еңсесі түсіп-ақ қалып еді. Алайда Германияда жасалған отадан соң Арданың жақын уақытта алаңға оралатыны белгілі болды. Ал Арда Тұранның герман дәрігерінен ең бірінші сұрағаны келесі апта Фенербахчеге қарсы ойналатын матчқа қатысу-қатыспау турасында болыпты.
Түрік құрамасының жанкүйерлері құраманың Германия және Әзірбайжанмен ойындағы жеңілісін Арда Тұранның жетіспегенімен байланыстырады.

воскресенье, 10 октября 2010 г.

Клаваға емес, қаламға көбірек сүйенгін.







Жаңа ғана Түркиядан шығатын «Заман» газетінің жұма күнгі санын ақтарып отырып, бір қызық ақпаратты көзім шалды. Қаламмен жазу ойлау жүйесін жетілдіретін көрінеді.
Күн өткен сайын компьютер клавиатурасы мен ұялы телефонның клавишына үйренген жаңа буын қолмен жазуды ұмытып қалмаса жарады дейсің. Бүйте берсе каллиграфия ғылымының да жаһандану көшінде алар орны болмай қалары кәдік. Біз мектепте бастауыш сынып оқып жүргенде көркем жазу дегени пән бар-ды. Жоғары сыныптарда да көркем жазудан жарыстар өтіп, жеңімпаздар марапатталып жататыны еміс-еміс есімде.
Бірді айтып, бірге кеттік. Сонымен, жоғарыдағыдай қорытындыға Индиана және Висконсин университетінің ғалымдары 2,4 және 6-сынып оқушыларына жүргізілген зерттеулерінде көз жеткізіпті. Қалам қолдану мидың ойлау, ақтару және тез еске түсіру бөлімдерін іске қосатын көрінеді. Бұл ойды ауызша һәм жазбаша жақсы жеткізу қабілетін дамытады. Қаламмен жазған балалар басқаларына қарағанда тың, сoны ойлар ортаға шығара білген.
Индиана университетінің зерттеуінде бір топ бүлдіршінге қаламмен әріптер жаздырып, енді бір тобына дайын әріптер көрсетіледі. Сонан соң мидың жұмысын қадағалайтын құралмен олардың миындағы белсенділікті өлшегенде қаламмен жазғандардың жүйке жүйесі шапшаңырақ әрекет еткені және ойлау қабілетінін алдыңғыларға қарағанда ересектердікіне жақын болғаны байқалады.