среда, 9 ноября 2011 г.

Ұлттық ойынымызды ұлықтаған шара.


Дүние жүзінде зияткерлік ойындардың 400-ге жуық түрі бар екен. Олардың ішінде үндінің шахмат, орыстың дойбысы, жапонның го, қазақтың тоғызқұмалақ, Африка құрлығынан шыққан овари сияқты түрлері әлемге кеңінен танымал. Шахматтан жүйелі түрде әлем құрлық чемпионаттары, командалық олимпиадалар өтіп тұрса, дойбы, тоғызқұмалақтан да әр елдің өз чемпионаттары, құрлық, әлем біріншіліктері болып тұрады. Сонымен қатар зияткерлік бірнеше ойынның басын қосатын шаралар мысалы, Англия, Чехия, Швейцария, Түркия және т.б елдерде дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Ұлтымыздың төл ойыны тоғызқұмалақ та жоғарыда аталған елдердегі шараларға үзбей қатысып келеді. Кезекті сондай бір семинар-жарыс қараша айының 2-5 күндері Түркияның Стамбул шаһарында болып өтті. Семинар қазақтың тоғызқұмалағы және түріктің мангала ойындарына арналды. Семинар жұмысына жергілікті мамандармен қатар Қазақстанның тоғызқұмалақшылары мен жаттықтырушылары қатынасты. Оларды Астана қаласындағы Түрік Академиясының ғылыми қызметкері Мақсат Шотаев бастап барған болатын. Бізді таң қалдырғаны екі ұлттық ойынның даму барысы мен деңгейіндегі айырмашылық болды. Тарихы терең, тәуелсіздігінің өзі ғасырға жуықтаған (1923), 80 миллион халқы тығыз орналасқан, инфрақұрылымдары жетік, мүмкіндігі мол, өркениеті жоғары елде мангала ойыны енді ғана насихатталу үстінде. Ұлттық ойынның жанашыры Сердар Джейлан бастаған жігіттер ұзақ уақыт ұмыт қалған мангаланы тірілтуді қолдарына алған. Шүкіршілік ететініміз біздің тоғызқұмалақтың «түрік туысынан» біраз алға кеткендігі. Олай дейтініміз Қазақстанда ерлер мен әйелдердің арасында, жастар мен жасөспірімдердің, командалық, Кубок үшін т.б жарыстардың жүйелі түрде өткізіле бастағанына 20 жылдан асып кеткен. Алғашқы әлемдік және құрлықтық чемпионаттар да өткізіліп үлгерді. Біраздан бері шетелдік турнирге де қатысып жүр. Тоғызқұмалақшыларымыздың тәжірибесінің молдығы мен шеберлік деңгейінің жоғарылығынан болар, өзге елдің зияткерлік ойындарын қиналмай-ақ меңгеріп кететіндігі. Ғалымжан Темірбаев, Әсел Далиева, Мақсат Шотаев сынды шеберлеріміздің овари, мангала сияқты ойындардан шет елдерде топ жарып жүргені осыған бір дәлел.
Тағы бір байқағанымыз, түрік ағайындардың тоғызқұмалақ пен мангаланы бөліп жарып қарамайтындығы. Семинар жұмысында Мақсат Шотаев тоғызқұмалақтың бүгінгі даму барысы жайлы сөз қылса, Сердар бей және басқа да түрік ағайындар Қазақстанда көп жылдардан бері «мангала федерасионының» жұмыс істейтіндігі, «Мақсат бейдің» мангалаға сіңірген еңбектері жөнінде жарыса айтып жатты. М. Шотаевқа қатысты соңғы пікір шындықтан көп алысқа кетпейді екен. Мұны өз арамызда Мимар Синан университетінің профессоры, белгілі ғалым, ұлт зиялысы Әбдуақап Қара ағай да айтып өтті. Оның айтуынша, Мақсат ағамыз тоғызқұмалақты насихаттау мақсатындағы кезекті бір сапарында түрік ағайындардың тарихында тоғызқұмалаққа ұқсас мангала атты ойын болғаны жөнінде айтады. Мангаланың қайта жаңғыруы осы әңгімеден бастау алды дейді ғалым ағайымыз.
Семинардың соңы мангала мен тоғызқұмалақ бойынша жарысқа ұласты. Оған қазақ тоғызқұмалақшылары, түрік мангалашылары және Стамбул университеттерінде тәлім алып жүрген қазақ, түрік студенттер қатысты. Нәтижесінде Серікқызы Мөлдір жеңімпаз атанса, Мимар Синан Университетінің студенттері Слим Челик пен Рукие Чалышкан тиісінше екінші үшінші орындарды бөлісті.