среда, 22 декабря 2010 г.

«АТАН ӨЛСЕ СОЙЫЛАР, АТАҢ ӨЛСЕ ҚОЙЫЛАР, ЕНДІ МАҒАН МЫНАДАЙ МАТЧ ҚАЙДАН ТАБЫЛАР»…


Қазақтың «Атан өлсе сойылар, атаң өлсе қойылар, енді маған мынадай Қансонар қайдан табылар» дейтұғын мақалын Түркия жағдайына орайластырып «Атан өлсе сойылар, Атаң өлсе қойылар, енді маған мынадай матч қайдан табылар» деп өзгерте аламыз. Иә, атам қазақтың аңшылыққа құмарлығын түріктердің футболға құмарлығымен теңестіруге болады. Футбол болатын күн олар үшін мейрам. Әсіресе Галатасарай мен Фенербахче, Бешікташ пен Галатасарай сықылды күшті командаларының арасындағы кездесулерде билеттер күні бұрын бітіп қалады. Ойын болатын күні базардағыдағылар заттарын әдеттегіден ертерек жинастырып, мемлекеттік қызметтегілер компьютерін ертерек өшіріп дегендей...матчқа асыға бастайды. Айтпақшы, осы жерде түріктердің діндарлығына дау айтатындарға бір дәлел келтіре кетейін. Әр жұма біздің ықшамауданымызда жайма базар жұмыс істейді. Тек жұма күні ғана. Сол базардың саудагерлері жұма намазы басталасымен сатып тұрған заттарының үстін үлгергені матамен жауып, үлгермегені ашық тастап, мешітке қарай асығады. Футбол фанаттары да дәл солай матч уақыты таясымен намаз уақыты кіргендей стадионға асығады. Билет ала алмағандары көшелердегі «чай бахчелерінен» жайлы орын тауып алуға тырысады. Тіптен біз тұратын жатақхана асханасының екінші қабатындағы үлкен экранның алдында да ине шаншар жер қалмай қалады. Оны білетіндер ерте келіп орындықтарға атын жазып кетеді. Әгәрәки олардың орнына отырып қойған болсаң, нәзік жынысты болсаң да кешірім жоқ. Тоқсан минуттық матчты өз кайфымен тамашалау үшін джентльмендігін құрбан етуге бар. Есімде, Фенербахче мен Галатасарай арасындағы кездесу. Матчқа сәл кешігіп келген-тұғынмын. Екінші қабаттың жарығы өшірілген, бәрі экранға телміруде. Отыруды айтасыз, тұрып тұруға орын жоқ. Итеріп-қағып, біреудің аяғын басып, қысылып-қымтырылып жүріп орта тарапқа өттім әйтеуір. Жарық жоқ болса да белгілі, тамашалаушылардың жартысынан көбі сары қызыл түсті шарф, футболка(Галатасарайдың түсі) , ал қалған бөлігі қою көк пен сары түсті(Фенербахче) шарф тағынған. Айтпақшы, матчты тамашалап отырған бөріктілермен көріктілердің саны тең немесе бөріктілер 55 пайыз да, көріктілер 45 пайызды құрайды десем пәлендей артық кетпедім ғой деймін. Нақты санағам жоқ та, бірақ етектілердің де саны аз емес еді сол жерде. Он бірдің әр қимылын қас қақпай қадағалап отырған олар біреуі сәл мүлт кетсе айғайды жаудырады кеп. «Сабри(Сабри Сароғлы) яяяяя, ең құрымаса сен солай жасамашы», «Теп, иттің баласы(жұмсартып аударғаным, әйтпесе түпнұсқасы біраз анайылау)», «Ой, атаңа нәлет Айхан, 35 жасына келген адам, допты қалай тебу керектігін білмейді», «Керемееееееееет, жүгір, жүгір, жылдам, әй, басе, ееееее, қақпаға қарай, қақпаға...ой, итттің күшігі..!» деген секілді айғайдан құлақ тұнады. Мына жақта Фенерліктер де осы тәріздес наразылықтарын жасырып қалмайды.Қақпаға бағытталған доп қиыс кетсе, не мүмкіндікті жіберіп алса, бәрі бір мезгілде орындарынан атып тұрады. Келісіп алғандай. Орындықтарын серпіп лақтырып жіберіп. Алғашында кәдуілгідей тіксінесің, мұнысы несі, жоғалтқан ештеңесі жоқ қой деп. Бірақ бірте-бірте сен де оларға бой үйрете бастайсың. Делебең қозып, сен де алаңда жүргендей, мазаң кетеді кеп. Олар секілді «Арда, ой, мал, аяғыңа түкірейін сеніңңңңңңңң..., өгіз!!!...» деуге шамаң жетпейді, бірақ гол мүмкіндігін қалт жіберіп алғанда сен де қос тізеңді салып жіберіп, «түһ!!!...» деп қайғырып қоясың. Әр матч сайын әдеттерінен жаңылмайды және. Айтпақшы, сол Фенермен Галатасарайдың арасындағы матч тең бітіп, абырой болды. Әйтпесе жеңілген тарап ұрыс шығарар ма еді кім білсін. Мұны да бекер айтып отырған жоқпын. Жақында ел чемпионы Бурсаспор мен Бешікташтың арасындағы матчта жанкүйерлер бүлік шығарып, біразы жараланғаны бар. Бешікташ дегеннен шығады, аталмыш команда стадионына жақын жердегі Кабаташ кеме айлағында қыдырып жүргенмін. Артуымнан бір топ адамның, топ емес-ау жүз қаралы адамның шуылы естілді. Құдай өзі кешірсін, жаназаға кетіп бара жатқандар ма деп ойладым. Сөйтсем, сағат жетіде стадионда командалары біреумен ойнайды екен. Кіммен екені нақты есімде қалмапты. Құлақ сап тыңдасам, «Бешікташлы олмаянлар махфолсын, дефолсын» дейді. Тәржімелесек былай: «Бешікташқа жанкүйер болмағандар құрысын, жоғалсын!!!». Ал керек болса... Фанатизмді дәрежелесек, бірінші орынды осы Бешікташтықтар алады-ау. Өтке қызуқанды. Онан кейінгі орында Фенерліктер. Қандай да бір сауда орнына барып, Галатасарай тауарын сұрай қалсаң, «Галатасарайды қайтесің-ау, Фенердікін ал. Ең күшті команда сол. Театр, кино көңіл көтеру орны емес, нағыз сауық орны Шүкір Сараджаоғлыдааааа(Фенербахче стадионы)» деп өзінікін саған тықпалай бастайды жазғандар. Айтпақшы, тағы бір нәрсені ұмытып барады екем, барған жердің барлығында басқа командалардың тауары сөрелерде шаң басып тұрады да, Галатасарайдың тауарын табу қиынның қиыны. Бұл да халықтың басым бөлігі қай командаға жанкүйер екенін көрсетсе керек.
Биылғы сезонда Трабзонспордың айы оңынан туып тұр. «Қаратеңіз дауылы» ешкімге бет қарататын емес. Соны білген Трабзондық дос қыз маған жақында үйіне барғанда Трабзонспордың кәдесыйын алып келіпті.
Қысқасы, «Әркімдікі өзіне ай көрінер көзіне» дегендей, қанша бағы төмендеп тұрса да өз командасы туралы жылы сөз айта салсаң кез-келген фанат түрік астындағы атын түсіп беруге дайын. Қазір менің қорымда түрік командаларының барлығының кәдесыйы табылады. Міне, командаларына адалдық деген!...

суббота, 18 декабря 2010 г.

Стамбұлда оқып жүр талай қазақ баласы....


Желтоқсан басталысымен Қазақстанда жаңа жылға қарбалас дайындық жүріп жатқанда Стамбұлдық студенттер басты мерекеміз тәуелсіздік күнін ұлықтап, көпке үлгі болды. Қарашаның орта шенінде басталған концертке дайындық елім деген білімгерлердің жанын жай тапқызбады. Үлкен шараны ойдағыдай өткізіп барып қана демдерін алған олар еліміздің ең биік салтанатын өз деңгейінде өткергендеріне мақтанышты. Сондай-ақ концерттен бөлек ел тәуелсіздігіне орай Стамбұлда Түркияның 6 қаласында білім алып жатқан студенттер арасында футбол турнирі өткізілді. Анкара, Измир, Сакария, Кония, Кайсери қалаларындағы білімгерлердің командасы және Стамбұлдағы түрлі университетте оқитын студенттерден құралған екі команда, мұнан бөлек аталмыш шахардағы Фатих университеті студенттерінің командасы, жалпы саны сегіз команда алғашқы орындар үшін таласты. Мұндай шара тек биыл ғана өткізіліп отырған жоқ. Өткен жылы да тәуелсіздік күніне орай өткізілген футбол турнирінде Стамбұл студенттерінен құралған Анзор Гуссейінов бастаған команда жеңісті қолдан бермеп еді, биыл да сол дәстүрден жаңылған жоқ. Құрамында Анзор Гуссейінов(Стамбұл университеті, халықаралық қатынастар), Ербол Молдабеков(Стамбұл техникалық университеті, құрылыс инженерлігі), Азамат Дихаев, Дастан Оспанов, Әкрам Нұршимов(үшеуі де Стамбұл техникалық университеті, мұнай және газ ісі), Сержан Егізбай(Стамбұл техникалық университеті, ұшақ инженерлігі), Нұрдаулет Медеуов(Анкара университетінің Стамбұл филиалы, тіл үйрену орталығы) секілді тісқаққан ойыншылары бар аталмыш команда бұған дейін барлық команданы қоғадай жапырып келе жатқан Фатих Университетінің командасына да, Сайын Жәдиұлы бастаған, Сәбит Мұхамеджанов қостаған Сакария студенттеріне де тегеурінді қарсылық көрсете білді. Әсіресе Сакария Университетімен стамбұлдықтардың арасындағы ойын өте тартысты өрбіді. Іштей стамбұлдықтарға жанкүйер болғанымызбен лайықтысы ұтсын дедік. Басқа командамен ойнағанында Сәбит Мұхамеджановтың аяғына тиген доп дереу қақпаны адаспай тауып жататын. Стамбұлмен ойында Сәбиттің жөнелткен добы қырағы қақпашы Әкрамнан айласын асыра алмай пұшайман болды. Сан түрлі қызықтарға толы турнир кеш қарая мәреге жетті. Ең үздік ойыншы атағына қарсыластар қақпасына 15 гол атқан Анзор Гуссейінов лайық деп танылды. Оқу мен спортты қатар алып жүрген өрелі өрендер қандай құрметке де лайық. Турнир соңы үлкен концертке ұласып, аяқдопшыларымыз Қазақстанның Түркиядағы төткенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев марапаттады.

среда, 8 декабря 2010 г.

Бүгін Самат Смақовтың туған күні




Бүгін еліміздегі нөмірлі бірінші футболшы Самат Смақовтың туған күні. 1978 жылдың 8-желтоқсанында дүниеге келген. Семейдің тумасы. Аяқдопшылық каръерасын жаңылыспасам 1997 жылы «Елімайдан»(1997-1998,2003) бастаған Самат әр жылдары еліміздің «Иртыш»(1999), «Жеңіс»(2002), «Қайрат»(2004-2006), Ресейдің «Ростсельмаш» (2000-2001)командаларында ойнады. 2007 жылдан бермен қарай «Ақтөбенің» ойыншысы. 1997-2008 жылдары ұлттық құрамада ойын көрсетті.
6 рет Қазақстанның үздік футболшысы (2003, 2004, 2005, 2007, 2008, 2009) атанған. Қазіргі таңда ұлттық құрамада ойнамаса да «Ақтөбенің» намысын сырттағы ойындарда қолдан бермей жүргендердің бірегейі. Қазақстан Суперкубогының екі дүркін чемпионы. Қазастанның алты дүркін чемпионы. «GOAL», «PRO СПОРТ Казахстан», «Караван» басылымдарының да бірнеше мәрте жеңімпазы.
Самат ағамызға зор денсаулық, сондай-ақ каръерасына табыс, шабытына шабыс тілейміз.
Осындай талантты, намысқой ұлдарымыз көп болсын дейміз!!!
Көптен бері блогыма футбол жайлы жаңалықтарды жазбадым. Себеп көп-ті. Бастысы жалқаулық. Онан кейінгісі үсті-үстіне келген емтихандар. Және соңғысы 16-желтоқсанға дайындық. Дайындық дегенде, қырып – жойып басында жүрген мен жоқ. Тек сценарий жазасың деген міндетті артқан соң артынып тартынып әр күн кешке қарай сабақтан шыға сап сонааааау Беязиттан Зейтінбұрныға барам, қалам қағазымды арқалап. Сол жердегі дайындығын пысықтап жатқан өзіміздің қазақтармен қауқылдасып, қалжыңдасып, бір кешті өткіземіз әйтеуір. Күнде осы. Айтпақшы, бұл графикке суббота күні өзгеріс енеді бірақ. Галатасарайдың матчына үлгеру үшін кейде дайындыққа бармай қалам, барған күндерімде ерте қайтам. Ал Барселонаның матчы бар күні түгел бүтін күнге рұхсат аламын. Обшым, осылай. Байқаймын, Барселонаның Реалмен болған матчы жайлы да ештеңе демеген сияқтымын. Кеш те болса деп қояйын. Түрікшелесем, гүзәлді! Чок гүзәлді. Бүгүне кадар онун гиби зевкли бир матч излемедим дееееееееп кеткенсің ба:-). Жоқ, расында да матч өте керемет болды. Біреумен бәстестім бе, жоқ па есіме түсіре алмай қойдым, бірақ есеп дәл олай болады деп үш ұйықтасам түсіме кірмеді. Тамаша голдар!!! Барселона Реалды тырп еткізбеді ғой тіпті. Аяқтарына доп бермеді. Әй, енді, ол Барселона ғой енді!!! Дегіңіз келіп отырғанын білем. Иә, мен де соны дейін дегем.

Өткеееееееен жазбаларымның бірінде ГС-лық Арданың Бешікташпен ойнайтын матчқа шығатынын айтқан ем. Өтірікші болдым. Түріктің сайттары өтірікші қылды мені. Бешікташтан жеңілдік. Өткен апта Қасымпашамен ойнадық. 3-0 қылып жеңдік. Қазір тоғызыншы орындамыз. Әлі де үміттіміз, көреміз енді. Үмітсіз шайтан деген. Айтпақшы, «Заман» газеті Арданың алдағы Генчлербірлігімен ойнайтын матчқа шығатынын айтады. Сендік.

Әзірге осы. А, айтпақшы, негізгі жаңалықты ұмытып барады екем. Бүгін Барсаның Рубинмен матчы бар еді. Бірақ...(аузыма келген лас сөзді жұта салайыншы)түрік каналдары көрсетпейтін болыпты. Бурсаспор мен Ренджерс ойнайды екен де. Екеуі де Түркия уақытымен сағат 21.45-те екен. Және чемпиондар лигасын тек бір-ақ канал көрсететін еді. Сөйтіп, Барсаның матчын көре алмайтыныма пұшайман болып отырған жайым бар. Интернеттен көрейін десем, біздің общаганың тасбақа уай-файымен мой мирге бір сағатта әрең кіресің, матч көрмек тұрғай...