вторник, 30 марта 2010 г.

Қордайда қоңсымыз «ырлайды»

27.08.2009
Бір-екі күн болса да бел жазуға мүмкіндік берген еңбек демалысыма шексіз алғысымды жаудырып, Қырғызстанмен шектесетін тұстағы Қордай өңірінде тұратын нағашымның ауылына тартып кеттім. Жеңіл мәшине жол шетіндегі көзге ілігерді бір нүктеге айналдырып, заулап келеді. Радиодан Сәкен Майғазиевтің орындауындағы Мұхтар Шахановтың «Мен саған ғашық едім» атты әні айтылып жатқан-ды. Егде жүргізушіге «Радиоңыздың дауысын сәл күшейтесіз бе?» деп өтініш айтып едім, бетіме бажырайып бір қарап алып: «Әй, дәу де болса шал-кемпірдің баласысың-ау!.. Әйтпесе, қазіргі жастарың бұларды сұрамақ түгілі…» деп сөзінің аяғын шорт кесе салды да, радиоқабылдағышқа қол созды. Әкемді ойлап отырып жүргізушіге жөнді жауап қатпағаным ән біткенде ғана есіме түсті. Қарадай қысыла бастадым. Бірақ, байқаймын, жүргізуші менен жауап күтпеген де секілді. Қара жолдың қалтарыс-қатпарын қас қақпай бағдарлап, қимылсыз келеді.
Қайтадан ойыма әкем оралды. Шәмші әндерін жанындай сүйетін әкем «Мен саған ғашық едімді» үйде ылғи аузынан тастамай айтып жүретін. Құлағыма содан сіңісті болып қалса керек, әйтпесе ес білгелі атамның ән айтқанын естіген емеспін.Құйғытып отырып, айналасы екі сағат ішінде Қордайға да тұмсық тіредік. Автобекеттен түскеніміз сол-ақ екен, біздің келуімізді күтіп тұрғандай жанымызға бір жігіт ағасы жетіп кеп қырғызша: «Үйге дейін жеткізіп тастаймын, 200 теңге берсеңдер болады», деді. Соның көлігіне міне бердік. Түр-тұлғасы қырғыздан гөрі қазаққа көбірек келетін, яғни, кезінде Әбділда Тәжібаев айтатын «Басымда менің ақ қалпақ, Оюлап шетін сырғызған. Менің де бетім жап-жалпақ, Айырмам қайсы қырғыздан» деген өлеңдегі суреттеуге мүлде кереғар пішінді таксист біз көлікке отырар-отырмастан радиоқабылдағышының құлағын бір бұрап, қырғызша әуенді қойып үлгерді. Біз деп отырғаным Алматыдан бірге келе жатқан сапарластарым. Жүргізушінің қазақша әуен таппағандай қырғыздың әнін тыңдағаны, қырғызша сөйлегені менің зығырданымды қайнатқанымен, ескертпем оған шыбын шаққан құрлы көрінбеді-ау деймін шамасы. Өздерінің еттері үйреніп кеткен сияқты. Рас, Қордайда соңғы жылдары қазір орыс тілі үстемдік құрып тұрғаны өз алдына, қырғыз тілінің үні де жарқын-жарқын естіле бастапты. Бұлай жалғаса берсе…Айтпақшы, «қырғызша ән тыңдадың» деп қазақ жүргізушіге ренжігенім бекер екен. Бұл жақта Қазақстандағы радиотолқындардың бірде-бірі «ұстамайтын» болып шықты. Өйткені, Отардан өтісімен-ақ қазақша ән іздеп радионың құлағын қанша бұрасаңыз да қиқылдап-шиқылдағаннан басқа түк естімейсіз.Сонымен нағашымның үйіне де жеттім-ау!!! Арқа-жарқа болып әуелі өзімнің, онан соң Алматының амандығын сұрады. Бәрі өз орнында екеніне көздері жеткен соң, шайға бас қойып, мамыражай әңгімеге ойыстық. Шай үстінде нағашы ағам менің тісім бата бермейтін жоғарғы жақтың саясатын қаузап көріп еді, өзімнен мардымды ештеңе шықпайтынын білем ғой, бір бума қазақша газетті алдына тастай бердім. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демей ме, Қордайдан қазақша газет табылса, сонау Алматыдан газет арқалап нем бар?… Бұл жақтан қазақша газет атаулыдан аудандық «Қордай шамшырағы» мен облыстық «Ақжол» газетінен басқасы емге табылмайды. Қателесіп барады екенмін, «Егемен Қазақстанды» осындағы бір мұғалімнің үйінен ұшыратқаным бар. Болды. Өзге толып жатқан баспасөз құралдарының бірде-бірі жетпейді.Шайдан соң аптығымды басып теледидарға телмірдім. Шөп басын сындыруға болар, бұл саладағы шаруа оңға басып келеді. Бұдан бұрын бір келгенімде қазақша арналар мүлде жоқ болатын. Соған үйреніп қалған басым теледидарды ықылассыздау қосып, қырғыз арналарын ауыстыра бастап едім, жылт етіп «Хабар» шыға келді. Онан әрі «Еларна», «Қазақстан», «КТК»… Қуанғанымды сөзбен айтып жеткізе алмас-пын. Әйтсе де, қуануға әлі ерте. Өйткені Қордайда таралатын қырғыздың төл және орыспен будан арналарының жалпы саны он екі(!). Бұлардан саны үш есе кем қазақ арналарының дауысы әлі де құмыға естіліп тұр.Айтпақшы, қырғыз арналарын қосып қалсаң болғаны, таныс әуенді құлағың шалады. Олай болатын себебі, айыр қалпақты ағайындар қазақ сазгерлерінің авторлық құқығына пысқырып та қарамай, әуендерін меншіктеп алуда. Сазын алады да, сөздерін өз тілдеріне аудара салады. Оны қазақ әні деп хабарлап әуре болмайды. Сөзіміз жалаң болмас үшін мысал келтірелік, «Бәйтерек» тобының «Сен», «Нұрмұқасанның» «Құдаша қыз», «Мұнарлан» тобының «Аппақ, аппақ қар» және Қайрат Түнтековтің бір әні, тағы басқалары қазір қырғыз әншілерінің репертуарына еніп кеткен. Осы тізім мұнан әрі де жалғаса беруі мүмкін, бұл менің үш күн ішінде, қырғыз арналарын үзіп-жұлып көргендегі байқағандарым ғана.Қазақстандық «Домажор» тобының түрік композиторының бір әніне жиендік жасағаны үшін үлкен көлемде айыппұл төлегенін естігенім бар-ды. Ендеше, біздің жоғарыда аты аталған әншілеріміздің де құлағына алтын сырға! Ақша өндіріп алсын деп отырғанымыз жоқ. Тек айыр қалпақты ағайындарымызға жиендік жасаудың жақсы қылық емес екенін ұғындырса да жетіп жатыр.Міне, Қордайдағы үш күн ішінде көзбен көріп, көңілге түйгендерім осы. Келгенде жадырап қарсы алған Қордайдың ауа райы жаңбырлатып шығарып салды. Тура мені қимай шығарып салып жатқан нағашы жұртымның пейіліндей…

2 комментария:

Анонимный комментирует...

Кордайым аман болсын!!!

Анонимный комментирует...

Кордайым аман болсын!!!