вторник, 30 марта 2010 г.

Ұйғыр Түркияда да ұйғыр...

Ыстамбұл шаһарының Зейтінбұрны шағынауданындағы ұйғыр асханасына түстену үшін кіргенбіз. Даяшыға тапсырысымызды беріп болған соң, жан-жағыма көз жүгірте бастағам, оң жақ қабырғадағы ағаш жақтаулы әйнектің ішіндегі қағазы ескіре бастаған сарғыш карта назарымды еріксіз аударды. Шекарасы қоңыр қаламмен басттастырыла айқын белгіленген, Қытайдың Такламакан шөлі, Тибет, Үрімжі аймағын, Қырғызстан жерін Әндіжанға дейін, Қазақстанның оңтүстік-шығысын түгел қамтыған «Ұйғырстан(!) Республикасының» картасы екен. Аузыма сөз түспей, құрбыларыма көрсеттім. Олар да алдымен таңырқап, сонан соң іштей наразы бола бастағанымен, «шаңыраққа» қарап, ештеңе демей-ақ қойғанды жөн деп шештік(десек те ештеңе өзгере қоймас еді). Басқа жаққа мойын бұрып ем, «Әндіжанда апам бар, одан да өткен сорақының» күйін кештім. Сол жақ қабырғада Ұйғырстанның туы ілініп тұр екен. Тура Түркияның туындай, ортасында ай мен жұлдыз, тек түсі қызыл емес, көгілдір. Көндіктім білем, мұнан кейінгі көргендерім алғашқыдағыдай тіксінтпеді. Байрақтың оң жағын ала, қабырғаның бір шетіне, көсемдерінің суреті болуы керек, бір қартаң кісінің суреті ілініпті. Сол жағында оюланған әйнек ішінде араб қаріптерімен басылған бір жазулар, онан сәл әрірек бір ескі суреттер ілініпті. Болжауымша, «Ұйғырстан» тарихынан сыр шертетін куәлар болса керек.
Бір ұрлықтың үстінен түсіп, бірақ оны бөгемей, көз жұмып өте шыққан және соңы үлкен өкінішке ұласқандай ма, әйтеуір айтып жеткізе алмайтын, абыржаңқы, әрі-сәрі күйде есеп айырысып, тысқа шықтық. Ызғары жоқ, жадыраңқы, жаймашуақ қыстың соңғы күні, жанға жайлы самалы аз-ақ уақытта бізді бұл көңілсіздіктен айықтырып жіберді.
Онан соң бұл асханаға бас сұққан емеспін. Бірақ жанынан өткен сайын сол күнгі көрініс санамның саңылауынан бір сығалап қояды. Өзгеге кінә артқыш әдетіме салып, оларды іштей бір жұдырықтап өтем. Алайда, жоқтан бар жасауға ұмтылған олардың әрекетіне қайтіп кінә артамыз, өзіміз қолда бар алтынның қадіріне жете алмай жүріп...

Комментариев нет: