вторник, 30 марта 2010 г.

Жас әншілер тегін жариялауға неге құлықсыз?

13.08.2009
«Тексіздікке ұмтылу» деп айдар тақсақ, ол үшін сөге қоймассыздар, өйткені ақиқаты сол. Соңғы уақытта бұл үрдіс қарқынды белең ала бастады. Әсіресе, отандық шоу бизнес әлемінде. Сын тезіне жиі ұшырап жүрсе-дағы кемшілігін жоюға тырыспайтын аталмыш өнер саласы өкілдерінің қатарына соңғы кездері қосылғандар үшін сәнге айналған бір әдет бар. Ол – сойынан (фамилия) безіну.
Яғни, сахнаға жалаң ныспыларын ғана арқалап шығады. Немесе теледидардан беріліп жатқан клиптердің соңында әншінің аты-жөніне көз жүгіртсеңіз, біздің байбаламымыздың ақиқатына күн айналмай-ақ көзіңіз жетеді.Мысал үшін айталық, кеше ғана қазақтың жаңа клиптері топтастырылған дискіні көріп отырып, титрдан «Adil «Nege sen?» дегенді көзіміз шалды. Өнер әлеміне енді ғана қадам басқан түбітиек бауырымыздың тегінен неге бас тартатыны түсініксіз. Және бұл тек аталған бауырымызға ғана емес, эстрадаға келіп жатқан соңғы лектің көпшілігіне тән, Динара, Мақсат, Мәдина.., толып жатыр. Бұнысын шетелге еліктеудің жағымсыз нәтижесі деп болжайын десең, оның қисыны жоқ. Өйткені өздері құдайдай табынатын Джениффер Лопес, Бритни Спирстер өз сойларын ауырсынбай-ақ көтеріп жүр ғой. Әлде қысқа да нұсқалыққа ұмтыла ма, бізге беймәлім. Бұлай кете берсе онсыз да бір-бірінен аумайтын, оның үстіне жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған соңғы буын әншілерімізді ажыратып алу қиынға түсетін сияқты. Өйткені Әділ есімді әншінің қаншасы бар, Динара ныспылы да әнші аз емес дегендей…Алайда, негізгі апат бұл емес. Үрейлісі – бүгін сойынан безінген ұрпақ ертең жеті атасын түгел жоққа шығарып, онан әрі қазақ деген ұлтқа қарсы оқ атпай ма деген қауіпті сауал. «Қазақ жеті атасын білмеген жетесіз» деп тегін айтпайды. Жеті атасын білмегеннің ел қамын жер азамат болып жарытпайтынын біліп айтқан. Ендеше, өздерін эстрада уығын қаласып жүрміз деп санайтын жас әншілеріміздің әлгіндей әрекеті жақсылықтың нышаны емес екені баршамызды ойлантуға тиіс.Рас, бізде Абай, Мұқағали сынды сойы қосақталмай, анықтауышсыз-ақ айтылатын есімдер бар. Бірақ олар Абай, Мұқағали ғой! Олар мұндайды өздері қолдан жасап алған жоқ, халық тағайындады. Эстрада табалдырығын жаңа ғана аттаған жас буындардың жоғарыдағыдай әрекеті «болмай жатып толдым» дегеннің кері болмағай!..

Комментариев нет: