вторник, 30 марта 2010 г.

«Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды!..»

30.07.2009
Біздің бүгінгі айтпағымыз «айта-айта Жамал апайдың да жағы талған» ән сапасы турасында. Бірақ «заманауи» әннің сапасына соқтығу ойымызда жоқ. Тек… Әрі қарай тыңдай беріңіз. Қазақта «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» дейтін сөз бар. Дәл осы мәтел әні де, сөзі де келісті ретро әндердің бүгінгі орындаушыларына қатысты айтылғандай. Барлығына емес, әрине. Мәтінін, әуенін бұзып орындаушыларға ғана.
Бұрынғының әнінен ешқандай мін таппайсың. Әуенін былай қойғанда, сөзінің өзі Абай айтқан талапқа сай, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы». Ал қазіргі лексиконымызда бар махаббатқа арналған бес-алты сөзді сапырып ән құраудан, оны орындаудан жалықты бәрі. Сосын амалсыз ретро әндерімізге ауыз сала бастады. «Мұзарт» секілді әуенін, нақышын бұзбай айтса, мейлі дейсің ғой… Бірақ …
Тоқтар Серіковтен басталық. Тоқтар «Сағыныш» аталатын 50-70-жылдардағы танымал әндердің кешінде Қ.Аманжоловтың сөзіне жазылған Ә.Еспаевтың «Ақ сәуле» әнінің соңғы шумағын былай орындайды:
«Ақсәуле, арнадым мен арманымды
Бұлбұлдай ұялаған таңда гүлді.
Көркіне көңілі сай келіп тұрған
Арман не жан-жарыңды көргеніңде…»
Соңғы жол поэзияны түсінетін, өлең техникасынан хабары бар кез келген адамның құлағына түрпідей тиеді-ақ. Дұрысы:«Көркіне көңілі сай келіп тұрғанАрман не көргеніңде жан-жарыңды»,– болуы керек!Осы мәселе толғандырғалы бері бірнеше ән кітаптарын парақтап шық-тым. Жасыратыны жоқ, көпшілігінде Тоқтар Серіков айтқан нұсқадағыдай қате берілген екен. Болмаған соң ақынның өз кітаптарын көріп ем, оның да біреуінде жоғарыдағыдай қате, енді кейбірінде дұрыс басылыпты. Туындының буын санына нұқсан келмеген. Бірақ екі сөзді алмастырып айту ұйқасқа обал емес пе? Жарайды, ол баспадан кеткен қателік делік. Әйтсе де, айтулы интернаттан тәлім алған, өзі де өлеңге қара жаяу емес, бірнеше әннің сөзіне автор болып үлгерген ақынжанды Тоқтар Серіков бұл олқылықты өз бетінше түзеп алса, оған ешкім «мұның не?» дей қоймас еді ғой.Екінші бір жаңылыс тағы сол «Сағынышта» орындалған Н.Әлімқұловтың сөзіне жазылған Н.Тілендиевтің «Алатау» әніне қатысты. Бейбіт Қорған аталмыш әннің екінші жолын:
«Заңғар тасың бұлттарға
Айбат берген Алатау.
Өр тұлғасы жастарға
Қайрат берген Алатау»,– деп орындайды. Ұйқас пақырдың не жазығы бар еді, мына жерде тағы да сол жазғанға қиянат жасап қойыпты. Дұрысы:
«Заңғар тасың аспанға
Айбат берген Алатау».Бұл әнді соңғы кезде Гүлбаршын Тергеубекова мен «Денар» тобы орындап жүр. Екеуі де Бейбіт Қорғанның қателігін қайталайды. Кінәні кімнен іздейміз? Ән жинағын басушылардан ба, әлде өлеңнің байыбына бармай үстірт жаттай сап орындап жүрген әншілерімізден бе? Сөз қадірін түсінетін қазақтың әншілері әннің мәтінін жаттау барысында кем-кетігін өздері түзетіп алуларына болады ғой.«Жігіттер» квартетінің орындауындағы Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Әсет Бейсеуовтің «Жан досым» әнінде бір сөздің қателігінен алғашқы шумақтың мағынасы түгелімен өзгеріп кеткен. Дұрысы мынадай:
«Іздегенде табылатын қасыңнан,
Көңілі бар қызғалдақтай ашылған.
Көріспесек сағыныштан жүдейтін
Кім бар жақын бала күнгі досыңнан.»
Яғни, қарапайым тілге салсақ, мағынасы «Бала күнгі досыңнан жақын ешкім жоқ қой» дегенге саяды. Ал «Жігіттердің» орындауында соңғы екі жолы:«Көріспесек сағыныштан жүдейтін Кім бар екен бала күнгі досыңнан»,– деп айтылады. Енді мағынасына көз салыңыз. Құдай бетін әрі қылсын, әрине, бірақ бала күнгі достарының бәрі өмірден озып, солардың орнын жоқтап отырған секілді көңілсіз естіледі екен. Қателеспесек, «Қайнар» университетінде білім алған филолог «Жігіттердің» мұны қалай аңғармай қалғаны?!Біздің мақсатымыз – жоғарыда аталған әншілерді тұқырту емес, тек «дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтадының» кері ғана. «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Әншілеріміз біздің сынды қаперге алып, қатесін түзетіп жатса, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осы орайда мына бір жай есіме түсіп тұрғаны. Талантты әнші Алтынай Жорабаева Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Саржайлау» әніндегі мына бір жолды:
Ұлыыыыыыыыыңмын мен сенің, қасыңда өтем, Саржайлауым
деп орындайтын-ды. «Ана бір созылып айтылатын буындағы екі «ы-ның» ортасына бір дауыссыз дыбыс қосып жіберсе, шіркін. Өлеңнің буыны қалыпқа түсіп, әдемірек айтылар еді-ау» деп ойлап жүруші ем, кейіннен әншінің өзі аңғарды ма екен, әлде біреу ескертті ме, әйтеуір әнді
Ұланыңмын мен сенің, қасыңда өтем, Саржайлауым
деп түзетті. Және түпнұсқада да өзі солай болатын. Ал қазір осы әнді естіген сайын сүйсініп отырамын.Әрине, қате барлығынан кетеді, тек мақала барысында айтылған әншілер Алтынайдан үлгі алып, қателерін дер уақытында түзей білсе игі еді деген жанашыр тілек қана біздікі. «Көрмейін десем, көзім бар», «Айтпаса сөздің атасы өледі», тіл маманы болған соң көріп отырған кемшілікті айтпай кетуді өз бойыма жараспас деп ойлап ортаға салдым. Жақтауды да, даттауды да өз еріктеріңізге салдық, патша көңіл оқырман.

Комментариев нет: