воскресенье, 17 октября 2010 г.


Қазір екі нәрсеге жұрт елең етпейтін болып алды. Бірі — тіл мәселесі, екіншісі — соңғы буын әншілері атына айтылған сын. Бұл екі тақырып баспасөз бетінде көтеріле-көтеріле жауыр да болды.
Тіл туралы айта бастасаң жұрт құлағын басып қаша жөнеледі. Ал әншілердің «әдебі» қазір әдетке айналып барады. Ешкімге бұдан былай оғаш көрінбейтін боп алды. Даусы жоқтардың сахнаға шығуы бұрын ұят секілді еді, қазір заңдылық. Ешкім таң қалып жатқан жоқ. Бұрын мағынасыз әндер айтылғанда түрпідей тиюші еді құлаққа, қазір құлақ жазған да оған үйренді.Әншілеріміздің интеллектуалдық деңгейі төмен дегенде біразы байбалам салып еді. Қазір өздері де мұны мойындағандай жағдайы бар. Енді, көрініп тұрған нәрсені қалай жасырсын?! Қолдарына айлап, жылдап кітап алмайтын ол пақырларыңнан ұнататын ақының десе Абайды, жазушың десе Әуезовты ғана есіне түсіре алатынына сенімім кәміл. Абай мен Әуезовты қомсынып отырғаным жоқ әрине, тек «өнер иелері» бастауыштың баласына дейін білетін ғұламаларымыздан басқасын танымай, деңгейі кемшін түсіп жататынын айтам да. Деңгейі кемшін түсіп жатады дегенді де негізсіз айтып отырғаным жоқ. Олай дейтінім, әлгі Еларнадан берілетін «Сүйінші» бағдарламасында көп әншілеріміздің IQ дегеннің не екенін білмей, кейбіреуіне бір жерден естіген сөз сияқтанып, бірақ естеріне түсіре алмай, сасқалақтағанын көргенде жерге кіріп кете жаздайсың. Сөз саптаулары да бесінші сыныптың баласынікіндей, сөздік қорлары жұтаң, ойлары таяз. Эфирге келіп берген жиырма минуттық сұхбатының ішінен сөлін сығып алар болсаң, екі минутқа жетер, я жетпес. Осындайда өткен жылы өзім куә болған Ыстамбұлдағы дәстүрлі түрікше олимпиаданың гала концертіне келіп сөз сөйлеген түрік әншісі Сердар Ортачтың аз сөзін тап-тұйнақтай да шебер жеткізе білгені еріксіз сүйсінтеді екен.
Әрине, жас буын әншілерінің барлығы мұндай деп қара күйе жаға салудан аулақпын. Іштерінде салиқалы сөз айта білетін, соңғы уақытта бес уақыт намазға жығылып, парыздарын қал-қадарынша атқарып жүргені де бар. Бірақ аз.
Бұлай ашынуға ненің себеп болғанын да айта кетейін, жазғы демалыс айларында Ақтөбенің шалғай аудандарында көрсететін екі-үш-ақ қазақстандық арнаны ауыстырып жатып, «Еларнадан» Толқын Забированың концертін көзім шалды. Толқын әпкеміз сол концертте «Қамажайды» қазақы көйлекпен емес, костюм шалбармен орындап шықты-ау! Мұндайды кім көрген! Жолай кіріп, бір-екі ән орындап шыға салатын той емес, өзінің жеке концертіне, үлкен дайындықпен келген әпкеміздің дәл бұлай әнді, дәлірегі сахнаны қорлауына жол болсын. Басқа басқа, халық әнінде қазақы киім киіп шығу әнші әпкеміздің ойына келмесін, жанында стилист, дизайнер, кеңесші дегендері болмаушы ма еді? Тым құрыса солардың бірі ләм демегені ме?! Толқын әпкеміздің дәл мұнысы ұят болды. Сахнада отырған қанша адам мұна наразылық білдіре алды екен. Әлде Айлин, Кеш you, Tequilla, Дауыс International дегендердің лыпамен ғана шыққанына үйреніп қалған басымызға мұнысы жабық киім болған соң пәлендей ерсі көрінбеді ме екен?
«Қайран сөзім қор болған, Тобықтының езіне». Мүмкін жанашыр аға әпкелер әншілерге мұны ұқтырып-ақ жатыр. Тек мұны құйып алатын құлақ болсайшы. Әй, біздің әншілерге қарата айтылған сын «баяғы жартас сол жартас, қаңқ етер түкті байқамас» боп, жаңғырып өздеріне қайтып кеп жатыр-ау...

Комментариев нет: