вторник, 15 июня 2010 г.

Қойшы мен алма ағашы
Қарт қойшы қойларын өрiстетiп, жайылымға жайған сайын дөңге жақын өскен бiр алма ағашының түбiне барып дем алатын। Егер жемiс пiскен мезгiл болса, алма ағашымен тiлдесiп: - Қане, балам, қарттың алмасын бере ғой,- дейтiн। Сөйткенше болмай, тiлi дәм үйiретiн, иiсi аңқыған, балбырап пiскен бiр алма жерге топ ете түсетiн. Қарт болса кiшкене бәкiсiмен, әлгi алманы тiлiмдеп кесiп, өзiмен бiрге ала келген торсығындағы айранымен қоса сәл жүрек жалғап алғаннан кейiн әкесiнен қалған Құранын баппен қолға алып, жайлап оқи бастайтын. Қойшы қарт бұл алманы осыдан жиырма жыл бұрын отырғызған кезде жиi-жиi суарып, намазының алдында бетi-қолын шайған дәрет суынан қалғанын да ырымдап, соның түбiне төгетiн. Қарт жүзiн шайған сол судың шапағаты тидi ме, әйтеуiр, алма ағашының тамыры тез жан алып, аз уақытта-ақ бой көтерiп, жемiс бере бастады. Қойшы қарт ол кезде жас болғандықтан, қай әдемi алмаға көзi түспесiн, кiшкене ғана ұмсынып, қол созғаны жетiп жатыр едi. Алайда, одан берi қаншама жыл iшiнде қарттың бойы аласарып, белi бүгiлдi, ал, алма ағашы жайқалып өстi. Бiрақ ағаш жайқалып өскенiмен, баланың аты бала емес пе, оны баласындай көретiн қарт ағаш бұтақтарын алақанымен жәй ғана сипап тұрып: - Қане, балам, - дейтiн, - бүгiнгi несiбемдi түсiре қой!Айтқанындай-ақ, көп бәлсiнбестен бiр алма түсушi едi. Бұл көрiнiс дәл сол қалпында бiрнеше жылдан берi қайталанып келе жатқан-ды. Тiптi қарт сұрағанда, алманың түспей қалған бiрде-бiр күнi кездескен емес.Ауыл адамдары болса, таңғажайып бұл құбылысты сырттай бiрнеше рет байқап, қойшы қартты әулиеге жорып қойғалы қашан. Қарт кiсi ағаш көлеңкесiнде аздап тынығып, намазын оқығаннан кейiн әдеттегiдей сол күнгi алмасын сұрады. Алайда, бiр таңқаларлығы, ағаш бұтақтары жемiске толып тұрса да, қарт қолына ештеме түспедi. Қарт өз қалауын қанша қайталағанмен бәрiбiр ештеңе бола қоймады. Күткенi орындалмай, кiрпiгi мен сақалы тарам-тарам жасқа оранған қарт үнсiз ғана алыстап, қойларына кетiп бара жатты. Жемiс бергелi «баласы» қарттың көңiлiн қалдырып көрген емес едi. Мәпелеп өсiрген «баласына» дәл осы жолы көңiлi қатты қалды. Көңiлi құлазыған қарт бойы бұл жолы тiптi шөкiмдей боп, бұрынғыдан да аласарып, белi де бұрынғыдан бетер бүкшие түскендей. Малын қайырып, ауылға бет алғанда мешiттен әуелеп шыққан азанға құлақ түрдi. Азан өте бiр ерекше, әуездi үнмен оқылып жатқандай. Тiптi, астарынан өзгеше бiр қуаныш та сезiлетiн секiлдi. Бiрден iркiлiп, бойын жинап ала қойды. Қарт байғұс өмiрге қайта келгендей күй кештi. Өйткенi, есiне бiр нәрсе түскен болатын. Бұл жолы көзiне қуаныштан жас алып, балаша мәз болған қарт бiрден әлгi алма ағашына қайта жеткенше асықты. Келе сала оны айналып-толғанып, кең иығын төсей құшақтаған қарт: - Күнiм,- дедi иегi кемсеңдеп жылаған күйi,- айналайын, балам, жарығым! Ұмытшақ мен байғұсты ренжiтпей тұрып-ақ бiлдiрсең болмас па едi?! Бүгiн Оразаның алғашқы күнi екен ғой?!.
"ДАЛА мен ҚАЛА" gazeti

Комментариев нет: