четверг, 24 июня 2010 г.

«Ішімдегінің бәрі түрімде, түрімдегінің бәрі тілімде» немесе «Көз – көңілдің айнасы»
















Анджелина Джоли FBR агенті болып ойнайтын «Taking lives» фильмінде кісі өлтірді деп ұсталған күдіктіге жүргізілген тергеу барысында тергеуші сөмкесінен папканы шығарып жатқанда оқиға орнынан алынған айғақ затты жерге түсіріп алады. (Әрине, «байқамай»...) Күдікті айғақты көрген бойда «Не істегелі жатырсыз? Мені мойындауға мәжбүрлегелі жатырмысыз?» деп байбалам салып, орнынан ұшып тұрады. FBR агенті тергеуден соң күдіктінің кінәсіз екенін, істі болса аталған жерде ешқандай реакция көрсетпейтінін, мұны оның дене қимылынан аңғарғанын айтады. Осылайша, күдіктіні бостандыққа жібереді. Фильмнің соңында әлгінің қаныпезер кісі өлтіруші болғандығы анықталады. Яғни күдіктінің өз дене әрекетін, жүз құбылысын шебер игергенінің, басқара білгенінің арқасында қарсысындағы адамды сендіре алады. Жарайды, бұл кино делік, күнделікті өмірде дене қимылдарымен, бет-жүз әрекетімен білдірілетін жан дүниеміздегі құбылыстарды қаншалықты тани алып жүрміз немесе өзімізді қаншалықты билеп, ішіміздегіні жасыра алып жүрміз?
Қазақтар «Ішімдегінің бәрі түрімде, түрімдегінің бәрі тілімде» немесе «Көз – көңілдің айнасы» дейді. Расында да шашымыздан бастап аяғымыздың саусағына дейін ішкі дүниемізден хабардар ете алады.
Ана тілімізден басқа тілді үйренуге уақыт пен күш сарп етеміз де, негізгі тіліміз – дене қимылымыздың тілін игеруге құлшыныс таныта қоймайтынымыз неліктен?! Асылында әркім тілімен жалған сөйлер, алайда дене қимылы, бет-жүз әрекетімен жалған сөйлей алмас. Мәселен, Зигмунд Фрейд бір емделушісінің жанұяда қаншалықты бақытты екенін баяндап отырғанда, өзі байқамай неке жүзігін шығарып таққанын қаперге алып қалады. Осыдан соң бұл еркінен тыс істелген әрекеттің сырын білетін Фрейд әлгі емделушіде жанұяға қатысты мәселелер туа бастағанда еш таңқалмайды.
Біз өзіміз парқына бармадан жиі қолданатын әрекеттеріміз қандай? Және қай ситуацияда қайсысын қолданамыз, бір көз жүгіртіп көрелік.
Мойын-басты қасу.
Қарсыңыздағы самайын, құлақ түбін немес басының артқы, шүйде тарапын қасып тұрса, ол сіздің сөзіңізге иланбай немесе шүбәланып, бірақ оны тілге келтіруден жасқанып тұрғанын оқуға болады. Киімінің шаңын қағу да да осыдан хабардар етеді.
Бас әрекеттері.
Бас бір жаққа қисая бастаса, ол қарсыңыздағының сіздің тақырыпқа қызығушылық таныта бастағанын білдіреді.
Егер басы төмен қарай иіле бастаса, сізді сынап немесе зерттеп қарағаны деп түсініңіз.
Егер екі қолын бір-біріне айқастырып, онымен басының шүйдесін ұстап тұрса, ол өзін сізден жоғары санап тұр деген сөз. Сондай-ақ, екі қолының бас бармағын шалбардың қалтасына салып, қалғанын қалғанын түйіп сыртына шығарып тұрса, оның өзіне деген сенімі күшті, тәкаппар дегенді ишараттайды.
Бір жыныстың қарсы жынысты көргенде еріксіз жасайтын әрекеттері
Егер бір еркек таныс емес, кездейсоқ көрген нәзік жыныстыға қызығушылық таныта бастаса, өзі байқамай, дереу галстугын, ол жоқ болса жағасын және міндетті түрде белдігін түзеп қояды. Ал әйел қауымы бір еркек назарын аударса, шашын иығынан асырып артына тастайтын көрінеді. Және ол еркекке көзін алмадан қарайды-мыс. Тек ол еркек қараған кезде ғана жанарын тайдырып әкететін көрінеді.
Көз қарастары.
Ішімізден көп нәрсе аңғартатын көбіне көзіміз екені даусыз. Кісінің тура қарасы қарсысындағыға маңыз беріп, көңіл бөліп тұрғанын білдірсе, қырымен қарау сынай қарауды немесе ашыналық қарасты білдіреді екен.
Әрине дене әрекетінің тілін білетіндер ғана мұны оқи біледі және өз пайдаларына жарата біледі. Тілің жалған сөйлегенімен, жүзің жалған сөйлей алмайды десек те, соң жылдарда саясатшылар психологтардың көмегіне жүгіріп, дене әрекетін билеуді игеріп, тілімен ғана емес, түрімен де халықты сендіре біледі дейді түрік баспасөзі .

Комментариев нет: