вторник, 13 марта 2012 г.





Түркияда білім алып жатқан қазақ студенттерінің «Сана» атты клуб құрғаны бұдан бұрын да ақпарат беттерінде жазылған болатын. Тұсауы кесілгеніне ай толып үлгермесе де аталмыш клуб бірнеше шара өткізіп үлгерді. Ғылыми-танымдық конференциялардан бөлек, спорттық-мәдени шараларды да қалыс қалдырмауды жөн көрген олар тұсаукесерден кейінгі алғашқы отырысын «Алашорда және Мұстафа Шоқайға» арнаса, онан кейінгі кейінгі аптада шаңғы тебу үшін жиналды. «Алашорда және Мұстафа Шоқай» атты конференцияның қонағы шоқайтанушы-ғалым, Мимар Синан Университетінің оқытушысы, просфессор Абдуақап Қара болды. Мұстафа Шоқай жайында бірнеше кітабы жарыққа шығып, түрлі тілге аударылған Абдуақап ағай Алашорда қайраткері жайлы көпшілігіміз біле бермейтін қырларын да сөз етті. Тек тарих бөлімінің студенттері ғана емес жалпы студент қауымының терең қызығушылығын тудырған аталмыш шарада ғалымға сұрақтар қарша борады.
Мұнан бөлек студенттер бір жексенбісін шаңғы тебуге арнады. Біз қазақтар «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» дейтініміз бар, алайда түрік бауырларымыз Ұлытауға «ұлар етін жеу» үшін емес, шаңғы тебуге барады. Бурса қаласының баурайындағы Ұлытау қар дегенді сирек көретін Ыстамбұлдықтар үшін шаңғы тебуге таптырмайтын орын. Шаңғы теуіп, түрлі ойындар ойнап, сергіп қайтқан студенттер үшін «Сана» клубының тағы бір артықшылығын айтпай кетуге болмас. Мұнан төрт бес жыл бұрын келген үлкен буын мен өткен жылы келген немесе биыл тіл үйреніп жатқан дайындық курсының студенттерінің арасында байланыс үзіліп, бір-бірін танымайтындай халге жеткен-тұғын. Автобуста, яки басқа жерде көрісе қалса бір бірін танымайтын олар «Мүмкін қырғыз шығар?» немесе «әй, қазақ болса әуелі өзі кеп таныссын» дегендей жалаң намыс, жарға жығар тәкаппарлықпен сәлемдеспей өте шығатын. Аталмыш клубтың арқасында екі буын бір-бірімен жете танысып, қайнасып, кішілер үлкендерден ақыл сұрап, үлкендер кішілерге қамқорлық көрсетіп, осылайша байланыстың бойына қан жүгіріп, көз қуантар болды.
Онан кейінгі кештердің қатарын ұлдардың сегізінші наурызға арналған концерті толықтырды. Түрік елінде тойланбайтын бұл мерекені атамекенінен жырақта жүрген қыздарымызға ақ пейілдерімен сездіре алған аталмыш кеш барлығының көңілінен шықты. Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдығына арналған концертке арнайы келген Майра Ілиясова, Өмірқұл Айниязов, Меруерт Түсіпбаева ұлдарымыз дайындаған концертке де ат басын бұрды. Мұнан бөлек ұлдардың өз қолымен пісірген палауы, дайындық курсының жігіттері әзірлеген КВН шараның әрін кіргізді.
«Сана» клубының кезекті шарасы алда келе жатқан Наурыз мерекесі. Төл мерекемізді өз деңгейінде өткізу үшін клуб мүшелері бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кетті. Ыстамбұлға биыл келген, тіл үйрену үшін дайындық курсында оқып жатқан студенттердің уақыттары молырақ болғандықтан, әрине, университте оқып жатқан студенттерге қарағанда белсендірек.
«Наурыз» мейрамынан кейін клуб кезекті отырысын тілге арнамақ. Онан кейінгі шаралардың бірі тағы мәдени сипатта, Қозы Көрпеш Баян сұлу күніне арналады. Ол шарадан кейінгі отырыстарда Қазақстаннан Айдос Сарым, Ерлан Қарин секілді ұлтжанды саясаттанушыларды шақыру жоспарда бар. Бұл шаралардың өтуіне мұрындық болатын негізгі ұйымдастырушылары клуб президенті Ержан Қалымбайұлы мен Ыстамбұлдағы студенттер жетекшісі Бауыржан Сарқытұлы екенін айта кету керек.

Комментариев нет: