понедельник, 18 марта 2013 г.

Галатасарай һәм Чемпиондар Лигасының Ширек Финалы. Сондай-ақ Супер Лиганың есебі.


Галатасарай Чемиондар Лигасының ширек финалында Реал Мадридпен күш сынасатын болды. Еуропа Лигасындағы Фенербахче болса, Италияның Лациосымен жұптасты. Түріктің екі бірдей командасы ширек финал билетін қалтасына басқалы Анадолы футболсүйерлерінде маза жоқ. Реалмен жұптасқан Галатасарайдың алғашқы ойыны корольдік клуб алаңында өтеді, ал қарымта матч біраз думанға себеп болғалы тұрғаны анық. Маңызды матч билеті десе астындағы тойын сойып беретін түрік жанкүйерлері үшін билет табу машақаты қазірден басталып кетті. Матч билеті сатылымға әлі шыққан жоқ әлбетте. Бұған дейін Еуропа Лигасында өнер көрсетіп Супер кубокты жеңіп алған Галатасарай үшін Реал таңсық қарсылас емес. Бұған дейін де Али Сами Йенде Арыстандардың (Галатасарай-ред) күшін көрген-ді Корольдік клуб. Десе де ол құрамнан қазір ешкім қалған жоқ. Есесіне қазіргі құрамда сұрмергендер сапында Роналдумен бәсекеде дес бермеген Бурак Йылмаз, бұл бәсеке титулын бұрын да иемденген Дрогба және кәрі құрлық тарландарының бірі Шнейдер бар.
Кеше Супер лигада 26-аптаның ойындары аяқталды. Галатасарайды Кайсеріспор қонақ қылды. Мачты көруге Реалдың бапкері Жозе Моуриньо келді. Сенбі күні Реал-Мальорка кездесуін көруге Галатасарайдың бапкері, Император лақабымен жақсы таныс Фатих Терим де Мадридке жол тартқан болатын. Моуриньоға шоу көрсетуге бел байлаған Галатасарай алғашқы таймда-ақ 3-минутта соғылған Шнейдердің, 23 және 38-минуттарда соғылған Бурактың голымен матчты бітірді. Кездесудің 31-минутында Бешікташтың ескі футболшысы Бобоны қызыл карточкамен төреші Мете Калкаван ойыннан аластатты. Осылайшы он кісі қалған Кайсеріспор Галатасарайға  тегеурінді қарсылық көрсете алмады. Үзіліске дейін дәптеріне мачты түртумен болған Моуриньо кездесудің біткенін күтпей стадионнан кетті.
Бір айта кетерлігі мұнан бұрын жаза алған Фатих Терим командасының матч барысында командасының ойынын шәкірттерінің жанынан емес, жабық трибунадан көрді. Сәйкесінше аяқдопшыларының киім ауыстыратын бөлмесіне де кіре алмайтын-ды. Есесіне Моуринье келіп Императордың шәкірттеріне кездесуден бұрын сәттілік тіледі. Бұдан қанаттанған Моуриньенің экс-шәкірттері Шнейдер мен Дрогба матчта бас бармақпен бағалауға болатын ойын өрнегін көрсетті. ЧЛ-да Роналду мен сұрмергендік атақты бөліскен Бурак Супер Лигада да жүрісінен танбай келеді. Аталмыш екі голмен ол 16 рет қақпаны дәл көздеді және бірінші орынға жайғасты. 8 ресми мачта арт-артына 9 гол атқан Бурак Йылмаз Моуриньоның да назарына ілікті. Келесі сезон Реалдың сапынан көрсек таңғалатын ештеңесі жоқ.
Нәтижесі мұнан да өзгерек болатын бұл матчта Джим-бомдықтардың (Галатасарай-ред) мүлт кеткен соққыларында да есеп жоқ. Кездесудің соңғы минуттарында босаңсыған олар Кайсеріспорлық Бисесвардың голына тосқауыл бола алмады. Осылайша матч 3-1 есебімен аяқталды. Матч соңында Галатасарайды қалай бағаладыңыз деген журналистерге Моуринье пікірін «қиын, өте қиын» деп бір-ақ сөзбен білдірді.
Осылайша Галатасарай ұпайын 50-ге шығарды және әлі көш басында келеді. Онымен құйрық тістесіп келе жатқан Фенербахче болса Антальяспордың алаңындағы 2-1лік жеңісімен ұпайын 46-ға шығарды. Фенербахченің голын Муса Соу мен жас аяқдопшы Салих Учан атты. Айта кетерлігі Салих Учан Фенербахченің Еуропа Лигасы ширек финал жолдамасында  да бас рөлді ойнаған-тын.
Бешікташ болса Қасымпашадан айласын асыра алмай екінші орынды Фенербахчеге босатты. Маусымның бітуіне 8 апта қалды. Биылғы жылы да чемпиондық бәсекесі Галатасарай мен Фенербахченің арасында өтетін түрі бар. Бешікташ 43 ұпаймен үшінші орында. Қаратеңіздің абыройын Супер Лигада тым жақсы қорғап келе жатқан Трабзонспорда істер қожырап кетті. Команданың бапкері Шенол Гүнеш кетіп, орнына келген Газиантепспордың ескі бапкері Толунай Кафкас Трабзонспорды батпақтан алып шыға алмады. Өткен аптада ғана Бурсаспорға есе жіберген Қаратеңіз командасының жақын арада ширамаса 1-лигаға сырғуы әбден мүмкін.
Ал біздің Самат пен Давид Лория доп тебетін тағы да бір Қаратеңіздің команда 1-лигадағы Ризеспор тәжірибелі бапкер Мұстафа Денізлі келгелі бойына қан жүгіріп, Супер Лигаға шығуға тырысып бағуда. Әзірше үшінші орындағы аталмыш командада 18-нөмірде ойнайтын Самат пен 1 нөмірлі қақпашы Лория  футбол сарапшыларынан да оң баға алып жүр.

Комментариев нет: