вторник, 22 февраля 2011 г.


Ол кезде біз орта мектептің жетіншіііі, жоқ сегізіншііііі... әлде тоғызыншы сыныбында ма, оқитын едік. Ауылдағы мал жайлау мен қонаққа барудан басқа шаруасы жоқ кемпір-сампыр, шал-шауқанын қойып, жалғыз көзі ашық жұрт саналатын мұғалімдерін де телебізірдің алдына телмірткен «Асау жүрек» бәріңіздің естеріңізде шығар. Біз сияқты ши борбайлар мен жалбыр шаштар екі бастан... Кешкі алты болса «Юсуф» көреміз деп экзаменнің консультациясына бармай қоятынбыз. Бәрінің аузында «Юсуф», «Юсуф» емес-ау, «Есуф». Үлкендер жағы «Жүсіп» десетін. Сосын «Торғай». Әсіресе Сабридің «Пашаааа!» дейтінін, Торғайдың Амантай қажы құсап қырылдайтынын балалар айнытпай салатын. Айтпақшы, Құсшы бар екен ғо, Құсшы. Көгершіндерімеееен отыратын ше. Сол кейіпкер кеееерім ұнайтын маған. «Юсуф» ылғи жаны қиналғанда соған кеп жүгінеді емес па?! Сондағы Құсшының сөздерін айтшиш. Мықты.
Ауылда жалғыз менің папам ғана «Караван» алатын. Бір күні әлгі «Караванға» «Юсуф» шығыпты, тізесін құшақтап отырған суретімен. Астында автобиографиясы қысқаша. Математик екен. Бойдақ екен. Ал патнершасы Зейнеп күйеуінен ажырасқан екен. Түсінгеніміз сол-ақ болды. Сосын ол «Караван» бүткіл ауылды аралап кетті. Бес-алты күннен кейін жұлым-жұлымы шығып қайтып келген «Караванды» әпкем Гауһар чемоданына салып қойғаны есімде.
Сол, сүйтіп ауылды біраз, біраз емес-ау, кәдімгідей дүрліктірген Юсуф-Кенан Әмірзалыұлыны бетпе-бет кездестірем деп ойлаған жоқ едім еш. Әрине, оқуға кетіп бара жатқанда бәрі, бір мен солардың тап жанына кетіп бара жатқандай, «Полат Алемдарға сәлем айт», «Юсуфке сәлем айт», «Гүмішке сәлем айт» деп құшақ-құшақ сәлемдерін тапсырып жіберген-тұғын. Күлгенмін де қойғанмын. Сөйтсем, «Тау мен тау кездеспесе де адам мен адам кездеседі» екен ғо. Каникул болғасын универ жаққа ат ізін салғым келмейтін. Баратын кітапханасы да жоқ, несіне барасың. Сөйтіп жүргенде ғайыптан тайып ауырып, біздің факультеттің қасындағы ауруханаға бара қалдым. Біздің ауруханадан бөлек, крутой, жекеменшік аурухана бар еді жанында. Сол жерде «Езел» дейтін сериалдың түсірілімі болып жатыр екен. Асай-мүсейімен шауып жүрген оператор- моператорлардың жанында бойы екі метр, түрі таныс біреу тұр. Олай қарап, былай қарап, болмағасын жанымдағылардан бұл кім деп сұрасам Кенан Эмирзалыоғлы ғо демей ма?! Ойбу, енді қайттік. Мен ойланып болам дегенше олар ішке кіріп кетті. Ойланып тұратын уақыт па, соңдарынан мен де періп бара жатыр ем, күзетші тоқтатты. Ыммен. Мен Кенан Эмирзалыоғлымен суретке түсейін деп едім дедім. Рұхсат бермеді. Күтуге тура келді. Түсірілім түнгі бірге дейін созылуы мүмкін екенін айтты. Қолымдағы сағат болса әбеткі екіні көрсетіп тұр, не істеймін. Айтпақшы, фотоаппаратымды бөлмеге қалдырып кеткенім есіме түсті. Асықпауға болатынын білгесін дәрігерге қаралып, аптекаға барып дәрі алып, ......, ....., одан шығып жатақханаға барып фотоаппаратымды алып, келгенімде сағат кешкі сегіз болды. Өзімше, мүмкін перерыв бар шығар, сол кезде ұстайын деп ерте келгенім. Сөйтсем түсірілім бітіпті, кетейін деп жатыр екен. Юсуф аби көрінбейді. Сосын анау саны көп, сапасы жоқ, фильмнен кейін титрды толтыратындардың біреуінен: Кенан Эмирзалыоғлы қайды деп сұрасам, ол демалып жатыр, не істейсің деді. Суретке түсейін деп едім,- деген ем, босқа шаршама, ол демалып жатыр будкада. Қабыл етпеуі мүмкін деді. Бұрылып кетіп қалатын мен ба, өтірікті шындай, шынды...ыыыы, есімде жоқ, қылып» айттым. Осылай да осылай, Қазақстаннан қыдырып келдім, бір-ақ күнге, ертең кетем. Көріп тұрып суретке түспей кетсем ұят болады. Жұрт менің көргеніме сенбейді. Бір рет жақсылық қыла саңыз абиии, не болды соншама? - деп. Сосын ол Кенанның көмекшісі Онурмен жолықтырды. Онур дегені иманжүзді бала екен. Жағдайымды дереу түсініп, жақсы, айтып көрейін деді. Сөйтіп тұрғанда Кенан Эмирзалыоғының өзі де шықты будкадан. Қолында күрешке пибі. Бері қарай келіп, техникалық жауаптылармен әңгімелесе бастаған еді, Онур мені қолымнан жетектеп апарды. Суретке түсу үшін келгенімді айтты. Ол болса дереу: What is your name? Where are you from? деп үлгерді. Мен түрікше білетінімді, Қазақстандық екенімді айттым. Қазақстаннанмын деген соң қай қаладан екенімді сұрады, Батысынан екенімді айттым. Өзінің Қазақстанға келгенін айтты. Мен, әрине, Түркістанға келгеніңізді білеміз дедім. Қай жерде оқитынымды сұрады. Айтып ем, «Башарылар, кардешім!» деп қолымды қысты. Осымен сөз тәмәм. Сол аралықта суретке де түсіп үлгердім. Менің аузыма сөз түспей қалды. Тек Алла разы болсын деуге шамам келді. Қоштасып кетіп қалдым. Елден кетерде бәрі сізге сәлем айтты десем, күлер ме еді, қайтер еді, айтпадым қысқасы.
Енді кезекте Полат Алемдар мен Гүміш бар. Бұл екі сериалды көрмегем өз басым, бірақ суретін салған еді таныстар. Танып алу қиын болмайтын шығар деп ойлаймын.

Комментариев нет: