суббота, 10 июля 2010 г.

ТҰЗ ТУРАЛЫ ХИКАЯ

Ертеде бір падишаһтың үш ұлы болыпты. Бір күні падишаһ ұлдарын шақырып: Мені қалай жақсы көресіңдер? - деп сұрапты. - Ең мықты жауапқа бір сандық алтын берем. Үлкені еш кідірместен: "Алтын, гауһарды қалай жақсы көрсем, сені солай жақсы көрем", - дейді. Бұл жауапқа падишаһ қатты қуанады. Ортаншы ұлы болса "Әкешім, тәтті тағамдарды, баклава, науат, халуаны қаншалықты жақсы көрсем, сені де соншалықты жақсы көремін", - дейді. Бұл жауап та падишаһты марқайтып тастайды. Кезек үшінші ұлға келеді. Үшінші ұлы дереу жауап бере қоймайды. Біраз ойланып барып, былай дейді: "Мен сені тұз секілді жақсы көрем, әкешім!".
Бұл жауапқа ағалары іштері түйілгенше күйеді. Әкесі болса ашуланып: "Тұздан қадірлі еш нәрсе жоқ па еді? Бүгіннен бастап менің ұлым емессің!" деп кенже ұлын сарайдан қуып жібереді. Ал үлкен екі ұлына сандық-сандық алтын бергізеді.
Шарасыз қалған кенже ұлы тау-тас, шөлді кешіп, бір ауылға кезігеді. Ауылдағы үйдің біріне келіп, есігін қағады. Есікті қартайған бір кемпір ашады. Кенже ұл оған басынан кешкендерін баяндайды. Қария болса, ұлға жаны ашиды. Сонан соң "Мен ешкімі жоқ кәрі адаммын, бұдан былай сен маған ұл бол", - дейді. Кіші ұл тілегін дереу қабыл етеді де, сол үйде тұрақтап қалады.
Күн артынан күн жылжып, ол жердің патшасы қартаяды да, өзінің орнына лайықты тақ иесін сайламақ болады. Алайда ол жердің патшасының ұл баласы жоқ екен. Сол себептен патша: "Мен халықтың арасынан мұрагер таңдаймын. Сарайымнан бақыт құсын ұшырам. Ол кімнің басына қонса, сол тағымның иегері атанады", - деп жария еткізеді. Бүтін халық қаладағы алаңға жиналады. Кенже ұл да өзінің бағын сынап көрмекке халық топтанған жерге келеді. Патша ұшырған бақыт құсы баланын басына кеп қонады.
Кенже ұл өте ақылды болғандықтан көп өтпей-ақ табысқа кенеле бастайды. Халық та оны қатты жақсы көреді. Ақылдылығының, еңбекқорлығының, жасампаздығының арқасында мемлекеті гүлденеді. Кіші ұл бір күні әкесіне хат жіберіп, оны өз мемлекетіне шақырады. Бірер күннен кейін әкесі оның мемлекетіне келеді, бірақ ұлын танымайды. Сарай аспаздары бұл қадірлі қонақ үшін дәмді тағамдар пісіреді, бірақ ешбіріне тұз қоспайды. Әке падишаһ тағамдардың ешбірін жаратпайды да, кіші патшадан: "Сіздің мемлекетте тұз жоқ па еді?" - деп сұрайды. Ұл болса "Жоқ. Керісінше бүкіл дүниеге тұзды біз жөнелтеміз. Бірақ естуімші сіз тұзды ұнатпайтын көрінесіз", - дейді. Әкесі болса "Жоқ, сізге жалған айтқан ғой, әйтпесе тұзсыз астың дәмі бола ма?" - деп жауап береді. Сол кезде кіші ұлы "Кіші ұлыңыз сізді тұз секілді жақсы көремін дегенде оны сарайдан қуып жіберген көрінесіз, сол рас па? " - деп сұрайды. Осыдан соң падишаһ өз ұлын танып, қателігін түсінеді. Көздерінен ыстық-ыстық жас төгіліп, әке мен ұл осылайша табысады...

Комментариев нет: